УРАН КОМПАНИЯСЫ ЖАҢА БЕЛЕСТІ БАҒЫНДЫРДЫ

Түркістан облысының солтүстік өлкесі – Созақ ауданы еліміздің индустриялық қуатын арттырып, стратегиялық маңызы бар уран өндірісінің ошағына айналғалы қашан. Осы өңірдегі өндіріс пен әлеуметтік жауапкершілікті тең ұстап, экономиканың күретамырына айналған «СП «Инкай» ЖШС биыл өзінің 30 жылдық мерейтойын атап өтті. Атаулы шараға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров арнайы барып, кәсіпорынның өткен жолы мен өңірге тигізген шарапатына жоғары баға берді. Бұл мерейтой — жай ғана мереке емес, бизнестің халықпен, өндірістің экологиямен үйлесім тапқандығының есебі іспетті.

Кез келген ірі кәсіпорынның табысы тек өндірілген өнім тоннасымен емес, сол жерде еңбек ететін адамдарға жасалған жағдаймен өлшенсе керек. Нұралхан Көшеров Созаққа сапары барысында алдымен компанияның ішкі инфрақұрылымымен танысты. Заманауи спорт кешені, жаттығу залдары, жайлы тұрғын блоктар мен сапалы асхана – мұның бәрі жұмысшының еңбек өнімділігіне тікелей әсер ететін факторлар. Өңір басшысы атап өткендей, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін күшейту туралы тапсырмасы Созақ даласында нақты іспен көрініс тауып отыр. Мерейтой құрметіне орнатылған жаңа монументтің ашылуы компанияның отыз жылдық тарихына деген құрмет қана емес, келешекке деген нық қадамның нышаны болды. Мәртебелі меймандардың құрметті қонақтар кітабына қолтаңба қалдыруы – мемлекет пен инвестор арасындағы сенімді әріптестіктің бекігенін тағы бір мәрте айғақтады.
Жиында сөйлеген сөзінде облыс әкімі Нұралхан Көшеров компанияның аудан экономикасындағы рөліне ерекше тоқталды. Отыз жыл ішінде «Инкай» тек уран өндіруші алпауыт қана емес, Созақ халқының әл-ауқатын көтеруге септігін тигізген «алтын діңгекке» айналды. Осы орайда, өз сөзінде «Компания мемлекетіміздің сенімді стратегиялық серіктесі ретінде өзіндік кірісті көбейтіп, жергілікті халықтың әл-ауқатын арттыруға зор ықпал тигізіп жүр. Жаңа мектептер салу, медициналық және спорттық нысандарды жаңғырту, елді мекендерді абаттандыру – бұл бизнестің халықпен етене жақындығының жарқын үлгісі» деді өңір басшысы.
Шынында да, Созақ ауданындағы инфрақұрылымдық жобалардың көбіне осы кәсіпорынның демеушілігімен жан біткен. Жаңа жұмыс орындарының ашылуы мен экологиялық тұрақтылықты сақтау бағытындағы жобалар компанияның тек пайданы ғана емес, келешек ұрпақ алдындағы жауапкершілікті де басты орынға қоятынын көрсетеді. «СП «Инкай» ЖШС – уран өндіру саласындағы әлемдік деңгейдегі озық технологияларды меңгерген кәсіпорын. 30 жылдық тәжірибе компанияның инновациялық әлеуетін шыңдап, халықаралық нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттырды. Облыс әкімі кәсіпорын ұжымына алғыс айта отырып, алдағы уақытта да бұл қарқынның бәсеңдемейтініне сенім білдірді.
Салтанатты шараның соңы концерттік бағдарламаға ұласып, өнер ұжымдары мерекелік көңіл-күй сыйлады. Викториналар мен бағалы сыйлықтардың ұтысқа салынуы жұмысшылар мен қонақтардың рухын көтеріп, мерейтойдың мәнін аша түсті. Түйіндей айтқанда, «Инкайдың» отыз жылдық белесі – бұл тек бір компанияның ғана емес, бүкіл Созақ өңірінің, тіпті Түркістан облысының табысы. Өндірістік қуат пен әлеуметтік игілікті тең ұстаған кәсіпорынның келешегі кемел, алдағы асулары бұдан да биік болары сөзсіз.