ШЕГІРТКЕГЕ ҚАРСЫ КҮРЕС ЖҰМЫСТАРЫ ҚАРҚЫН АЛДЫ

Түркістан облысы – еліміздің негізгі ауыл шаруашылығы хабы. Сондықтан бұл өңірдегі фитосанитариялық тұрақтылық пен шаруалардың жұмыс істеу жағдайы әрдайым басты назарда. Облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбековтің төрағалығымен өткен арнайы мәжілісте өңірдегі бірқатар түйткілді мәселелер мен оларды шешу жолдары талқыланды.
Биылғы жылы марокколық шегірткеге қарсы күрес жұмыстары өте ауқымды жүруде. Болжам орталығының дерегіне сүйенсек, қазірдің өзінде 546 мың гектардан астам жер зерттеліп үлгерген. 176 мың гектардан астам алқапта зиянкестердің таралуы экономикалық қауіпті деңгейден асқан. Осы орайда, Ордабасы, Шардара, Бәйдібек, Сауран және Қазығұрт аудандарында нақты іс-шаралар жүзеге асырылуда. Сарыағаш ауданындағы жағдай ерекше назарды талап етеді. Мұнда зерттелген 111 мың гектардың 46 мың гектарында шегіртке көп. Әсіресе, 22-секторға қосымша күш жұмылдыру туралы шешім қабылданды. Жиын барысында Нұрбол Тұрашбеков аудан басшыларына анықтаушылар санын көбейтуді және техникаларды тиімді үйлестіруді қатаң тапсырды.
Күн тәртібіндегі тағы бір маңызды мәселе – көмірмен жылытылатын жылыжайлардың қоршаған ортаға әсері. Сарыағаш ауданы секілді жылыжайы көп өңірлерде ауаның ластануын болдырмау үшін жылыту жүйелеріне арнайы сүзгілер орнату мәселесі көтерілді. Қазіргі таңда арнайы жедел жұмыс тобы құрылып, шаруаларға экологиялық талаптарға сай әрі тиімді сүзгі түрлерін анықтау үстінде. Сүзгілерді сынақтан өткізу жұмыстары басталып кетті. Бұл қадам өнім өндірумен қатар, халықтың салауатты өмір сүру ортасын сақтауға бағытталған. Түркістан облысы үшін су ресурстарын үнемдеу – өміршең мәселе. Жиында су үнемдеу технологияларын енгізу барысындағы кедергілер талқыланып, тиісті сала мамандарына нақты міндеттер жүктелді.




