КӘМЕЛЕТКЕ ТОЛМАҒАНДАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Өскелең ұрпақтың қауіпсіздігі мен тәрбиесі — мемлекеттік саясаттың алтын діңгегі. Өткен аптада Түркістан облысында кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу және жасөспірімдердің психологиялық саулығына арналған арнайы штаб отырысы өтті. Облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаевтың төрағалығымен өткен жиында бала құқығын қорғау мен отбасылық құндылықтарды нығайтудың жаңа тетіктері талқыланды.

Жиынды ашқан Ертай Алтаев Мемлекет басшысының балалардың құқығын қорғау бағытындағы тапсырмаларын негізге ала отырып, бұл мәселенің тек мемлекеттік органдардың ғана емес, бүкіл қоғамның жауапкершілігі екенін қадап айтты. Әсіресе, құқықбұзушылықтың салдарымен күреспей, оның алдын алу, себептерін ерте анықтау мәселесіне басымдық берілді. Өз сөзінде «Бала тәрбиесі – баршаға ортақ іс. Сондықтан ауыл ақсақалдары, зиялы қауым өкілдері мен дін қызметкерлерін тарта отырып, түсіндіру жұмыстарын жандандыру қажет. Әрбір аудан мен қала деңгейінде арнайы жұмыс топтары құрылып, мониторинг үздіксіз жүргізілуі тиіс» деді облыс әкімінің орынбасары.
Бүгінде Түркістан облысындағы 1000-нан астам мектепте жарты миллионнан астам оқушы білім алуда. Бұл — республика бойынша ең үлкен көрсеткіштердің бірі. Осыншама ауқымды аудиторияның психологиялық жай-күйін бақылау үшін өңірде 1353 педагог-психолог қызмет етеді. Жиында психологиялық қолдау жүйесін жаңғырту, ата-аналармен байланысты нығайту және тәуекел тобына жататын жасөспірімдермен жеке жұмыс істеу тиімділігін арттыру мәселелері қызу талқыланды. Білім беру ұйымдары мен құқық қорғау органдарының өзара іс-қимылының үйлесімді болмауы кез келген оң бастамаға кедергі болатыны да назардан тыс қалған жоқ.
Қазіргі таңда облыс мектептерінде заманауи технологиялардың мүмкіндіктері де кеңінен қолданыла бастады. Атап айтқанда, мектеп қабырғасындағы буллинг пен өзге де келеңсіздіктердің алдын алу үшін арнайы цифрлық шешімдер енгізілуде. Бұл қадам жасөспірімдер арасындағы жасырын қақтығыстарды дер кезінде анықтап, мамандардың жедел араласуына мүмкіндік бермек.