ЕЛДІ МЕКЕНДЕРДІҢ ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫ ЖҮЙЕЛІ ТҮРДЕ ЖАҢҒЫРТЫЛУДА

Түркістан облысының оңтүстігіндегі Мақтаарал ауданында соңғы алты жылда атқарылған жұмыстар «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасының нақты жемісін көрсетіп отыр. 2019 жылдан басталған ауқымды реформалардың нәтижесінде өңірдің әлеуметтік келбеті түбегейлі жаңарып, инфрақұрылымдық дамудың жаңа белесіне шықты.
Соңғы алты жыл Мақтаарал үшін құрылыс пен жаңғырудың дәуіріне айналды. 2019-2025 жылдар аралығында аудан экономикасына миллиардтаған теңге инвестиция құйылып, бұрын-соңды болмаған серпін берілді. Бұл тек құрғақ статистика емес, ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған жүйелі қадамдардың нәтижесі. Бағдарламаның алғашқы қазығы қағылған 2019 жылы 494,3 млн теңгеге Абылайхан атындағы мектеп күрделі жөндеуден өтіп, 13 елді мекеннің көшесіне асфальт төселді. Одан кейінгі 2020 жылы қаржы көлемі екі есеге артып, 31 ауылдың жол мәселесі шешілді. Атакенттегі Комаров атындағы білім ордасы мен Мырзакенттегі орталық стадионның қайта түлеуі бұқаралық спорт пен сапалы білімге деген басымдықты айқындап берді.
2021 жылы негізгі күш жол инфрақұрылымына бағытталса, 2022 жыл аудан шежіресіне «алтын жыл» болып енді. Осы жылы бөлінген 2,89 млрд теңге инвестиция ауылдардың әлеуметтік әлеуетін арттырды. Нақтырағы, Мырзакентте зәулім спорт кешені бой көтерді. Жалын және Т. Жайлыбаев елді мекендерінде жаңа мәдениет үйлері мен кітапханалар ашылды. Дихан ауылына көгілдір отын тартылды. Бұл үрдіс 2023-2024 жылдары да толастаған жоқ. Өркениет ауылында жаңа спорт кешені пайдалануға берілсе, Алғабастағы мәдениет ошағы жаңарды.
Мақтааралдағы оң өзгерістер биыл да өз жалғасын тауып отыр. 2025 жылға межеленген 2,02 млрд теңге есебінен 27,1 шақырым жол жөндеуден өтіп, Ынталы мен Ж. Қалшораев ауылдарында мәдениет және білім ошақтары халық игілігіне берілді. Үлгілі елді мекеніндегі мәдениет үйінің жаңартылуы – ауыл руханиятына құйылған қомақты үлес. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы – бұл жай ғана мемлекеттік жоба емес, бұл ауылдағы ағайынның ертеңге деген сенімін нығайтқан үлкен белес. Алты жылдағы атқарылған жұмыс ауыл мен қала арасындағы алшақтықты жоюдың нақты үлгісі болмақ.




