САРЫАҒАШ АУДАНЫНДА ТАҒЫ БІР ЕЛДІ МЕКЕН ТАБИҒИ ГАЗБЕН ҚАМТЫЛДЫ

Түркістан облысының Сарыағаш ауданында инфрақұрылымды дамыту бағытындағы кезекті ауқымды жоба мәресіне жетті. Көктерек кентінің жаңа тұрғын үй аумағына табиғи газ беріліп, жергілікті жұртшылықтың көптен күткен мәселесі оң шешімін тапты.
Көктерек ауылдық округіне қарасты жаңа мөлтек аудандарды газдандыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілді. Атап айтқанда, Жасқанат, Қонаев, Бірлік, Тұран, Самал, Көктерек, Түркістан, Ұлытау, Жібек жолы, Береке, Отырар, Бәйтерек және Керуен көшелерінің тұрғындары енді қатты отын жағу бейнетінен құтылмақ. Аудан әкімі Арман Абдуллаев Көктерек кентіне арнайы барып, газдандыру жұмыстарының нәтижесімен танысты. Ауыл тұрғындарымен өткен дидарласуда өңір басшысы атқарылған істің сапасына ерекше назар аударды.
Кездесуде Арман Абдуллаев жергілікті биліктің алдында тұрған негізгі межелерді атап өтті. «Біздің басты міндетіміз — халыққа сапалы қызмет көрсетіп, тұрғындарға қолайлы өмір сүру жағдайын жасау. Осы орайда елді мекендерді табиғи газбен қамтамасыз ету — негізгі басым бағыттардың бірі. Басталған әрбір жұмыс сапалы әрі уақытылы аяқталуы үшін жүйелі түрде жұмыс жүргізетін боламыз» деді аудан басшысы. Өз кезегінде ауыл қариялары мен белсенділері атқарылған жұмысқа оң бағасын беріп, ризашылықтарын білдірді. Олардың айтуынша, табиғи газдың келуі тұрмысты жеңілдетіп қана қоймай, ауылдың экологиялық ахуалының жақсаруына да септігін тигізеді.




