ҚОҒАМДЫҚ-САЯСИ ТҰРАҚТЫЛЫҚТЫ САҚТАУ БАҒЫТЫНДАҒЫ ЖҰМЫСТАР КҮШЕЙТІЛДІ

Түркістан облысында аймақтың әлеуметтік-экономикалық тынысы мен қоғамдық-саяси тұрақтылығын саралаған апталық штаб отырысы өтті. Облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаевтың төрағалығымен өткен жиында халықтың тұрмысына тікелей әсер ететін бірнеше өзекті мәселе жіпке тізілді.

Штаб отырысының күн тәртібіндегі ең өткір сауалдың бірі сұйытылған мұнай газының тапшылығы болды. Соңғы уақытта өңірдегі автожанармай бекеттерінде байқалған іркілістер мен кезектер халықтың наразылығын тудырғаны белгілі. Жиында жауапты сала мамандары қазіргі ахуалды баяндап, отын қорын толықтыру бойынша атқарылып жатқан шараларға тоқталды. Ертай Алтаев бұл бағыттағы жұмысты ширатып, газ нарығын тез арада тұрақтандыруды қатаң тапсырды. Сонымен қатар облыстағы елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамту мәселесі де назардан тыс қалмады. Инфрақұрылымдық жобалардың баяу жүруі мен техникалық кедергілер сынға алынып, шалғай ауылдардағы су мәселесін кезең-кезеңімен шешу жоспары талқыланды.
Ауыл шаруашылығы басымдыққа ие өңір үшін жайылымдық жерлердің жетіспеушілігі – өзекті мәселенің бірі. Жиында жауапты басқармалар мен аудан әкімдеріне бұл мәселені заң шеңберінде реттеу, пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару және шаруалардың мүддесін қорғау бойынша нақты жүктемелер берілді. Жиынды қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев билік пен бұқара арасындағы байланыс мәселесіне де тоқталды. Өз сөзінде «Халықтың мұң-мұқтажына дер кезінде құлақ асып, өзекті мәселелерді жедел шешуіміз керек. Әрбір аудан, қала әкімдігі тұрғындармен кері байланысты күшейтіп, түйткілдерді кабинетте емес, жергілікті жерде реттеуі тиіс» деді ол.