НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ «СК-ФАРМАЦИЯ» ЖШС БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫМЕН КЕЗДЕСТІ

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров «СК-Фармация» ЖШС Басқарма төрағасы Нұрлыбек Асылбековпен арнайы кездесу өткізіп, өңірдегі денсаулық сақтау саласының ең түйткілді мәселелерін талқыға салды. Күн тәртібіндегі басты сауал — халықты дәрі-дәрмекпен үздіксіз қамту және логистикалық жүйенің шикілігін жою.
Елдің әлеуметтік ахуалы мен демографиялық өсімі жағынан көш бастап тұрған Түркістан облысы үшін медициналық қауіпсіздік стратегиялық маңызға ие. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров кездесу барысында денсаулық сақтау саласының әлеуетін арттыру әкімдіктің тікелей бақылауында екенін қадап айтты. Әсіресе, медициналық ұйымдарға қажетті препараттарды жеткізудегі іркілістерді жойып, фармацевтикалық қызметтің сапасын жаңа деңгейге көтеру міндеті қойылды. Кездесудегі маңызды бағыттың бірі — қойма логистикасы. Бүгінде дәрі-дәрмекті тек сатып алу жеткіліксіз, оны тиісті талаптарға сай сақтау және емдеу мекемелеріне жедел тарату — басты мәселе. Осы орайда, тараптар сақтау жүйесінің тиімділігін арттыру бойынша бірлескен жоспарларды пысықтады.
Өңір басшысы дәрі-дәрмек бөлу ісіндегі «бармақ басты, көз қысты» әрекеттерге жол берілмеуі тиіс екенін қатаң ескертті. Нақтырағы «Дәрі-дәрмек нағыз мұқтаж жандарға жетіп, бөлу процесінде ашықтық пен әділдік сақталуы қажет. Саладағы заңсыздықтар мен кез келген олқылықтардың жолы кесілуі тиіс» деді Нұралхан Көшеров. Бұл ретте «СК-Фармация» тарапынан жеткізілетін тегін дәрі-дәрмектің есебін қатаңдату және цифрландыру тетіктерін енгізу мәселесі де сөз болды. Бұл өз кезегінде дәрілік заттардың көлеңкелі айналымына тосқауыл болмақ. Кездесу қорытындысы бойынша екі жақ өзара іс-қимылды нығайту жөнінде уағдаласты. Түркістан облысының әкімдігі салалық ұсыныстарды қолдауға әзір екенін жеткізсе, «СК-Фармация» басшылығы өңірді сапалы препараттармен қамту ісін жүйелі түрде жалғастыруға ниетті екенін алға тартты.




