ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ӨТІНІШТЕРІ НАЗАРДАН ТЫС ҚАЛМАЙДЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы Түркістан облысында нақты істермен айшықталуда. Өңірде тұрғындардың мұң-мұқтажын тыңдап, қордаланған мәселелерді заң шеңберінде шешу жұмыстары жүйелі жолға қойылған. Осы аптада облыс әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев азаматтарды жеке қабылдап, әлеуметтік маңызы бар түйткілдердің түйінін тарқатты.

Кезекті қабылдауға Түркістан, Кентау қалалары мен Жетісай, Ордабасы, Мақтаарал аудандарынан арнайы келген тұрғындар қатысты. Өтініштердің дені білім беру, көлік инфрақұрылымы және денсаулық сақтау салаларына бағытталған. Қабылдау барысында көтерілген негізгі мәселелерге келсек, бірі жекеменшік мектеп иелері мемлекеттік қаржылай қолдау тетіктерін сұраса, балабақша тәрбиешілері еңбекақы төлеу жүйесіндегі олқылықтарды көтерді. Кейбір азаматтар жұмысқа орналасудың қиындығы мен заңсыз жұмыстан босату деректеріне шағымданды. Түркістандық тұрғын қоғамдық көлікте тегін жүру құқығын рәсімдеу кезіндегі кедергілерді жеткізді. Облыс әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев әрбір арызды салаға жауапты басқарма басшыларымен бірге талқылап, шешім қабылдау кезінде заң үстемдігіне басымдық берді. «Біз әрбір өтінішті назардан тыс қалдырмаймыз. Білім саласында үлкен реформалар мен өзгерістер жоспарланған. Сондықтан саладағы ахуалды жақсартуға бағытталған кез келген сындарлы ұсынысқа ашықпыз» деді облыс әкімінің орынбасары.
Қабылдау қорытындысы бойынша жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар берілді. Орындау мерзімі мен сапасы облыс әкімі аппаратының бақылауында болады. Түркістан облысында азаматтарды жеке қабылдау жұмыстары тұрақты сипат алған. Мемлекеттік органдар мен бұқара арасындағы алтын көпірге айналған бұл үрдіс «ашық әкімдік» қағидасын бекіте түсуде. Айта кету керек, қабылдауға жазылудың бірнеше оңтайлы жолы бар. Олар — egov.kz порталы немесе «e-Otinish» бірыңғай базасы, азаматтарды қабылдау орталығына тікелей келіп, жазбаша өтініш қалдыру. Жазылу жұмыстарын облыс әкімі аппаратының өтініштерді қарауды бақылау бөлімі үйлестіреді. Жергілікті билік өкілдерінің халықпен осындай бетпе-бет жүздесулері өңірдегі әлеуметтік шиеленісті азайтып, мемлекеттік бағдарламалардың тиімді іске асуына мүмкіндік беретіні сөзсіз.