ЖАҢА БАЛАБАҚША ЕЛ ИГІЛІГІНЕ БЕРІЛДІ

Мақтаарал ауданы, Ж.Нұрлыбаев ауылдық округіне қарасты Мырзатөбе ауылында қуанышты жаңалық болды. Нақтырағы, жергілікті тұрғындардың көптен күткен тілегі орындалып, «Мақсат-Жанат» бөбекжай балабақшасының жаңа ғимараты пайдалануға берілді. Бұл нысан — ауыл балаларының жарқын болашағына салынған қомақты инвестиция ғана емес, елді мекеннің еңсесін тіктеген маңызды әлеуметтік қадам.
Жаңа ғимараттың салтанатты ашылу рәсіміне ауылдық округ әкімі Нұрмаханбет Сұлтанов, ауыл ақсақалдары мен ақжаулықты аналар қатысты. Лента қию рәсімінен кейін қонақтар балабақшаның ішін аралап, заманауи жабдықталған оқу және ойын бөлмелеріне оң бағасын берді. Бұл қуаныш биылғы Наурыз мейрамымен ұштасып, «Наурыз – төл мерекеміз» атты мерекелік бағдарламаға ұласты. Бөбектер ұлттық нақышта өнер көрсетіп, салт-дәстүрді дәріптесе, үлкендер жағына ас беріліп, құран бағышталды. Сонымен қатар, «Ана — ән, бала оның қайырмасы» атты өнер байқауы ұйымдастырылып, ата-ана мен бала арасындағы рухани байланыстың нығая түскенін көрсетті. «Мақсат-Жанат» балабақшасы іргетасын 2012 жылы қалаған болатын. Алайда уақыт талабына сай жаңа ғимарат қажеттілігі туындаған еді. 2024 жылы басталған құрылыс жұмыстары небәрі бір жарым жыл ішінде сәтті аяқталып, бүгінде 70 баланы қабылдауға толық дайын.
Ғимараттың техникалық сипаттамасы да көңіл қуантады. Жалпы аумағы — 25 сотық. Ғимарат көлемі 700 шаршы метрден асады. Ауыл тұрғындары осындай еңселі нысанды тұрғызған жергілікті кәсіпкер Аллаберген Сәрсенбаевқа ерекше алғыстарын жаудырды. «Туған жерге туыңды тік» деген ұстаныммен ауылдың абаттануына үлес қосқан азаматтың ісі көпке үлгі боларлық. Ауылдық жерде осындай заманауи білім ошақтарының ашылуы — өңірдегі инфрақұрылымды дамытудың айқын көрінісі. Аудандық білім бөлімі өкілдері атап өткендей, мұндай нысандар балалардың мектепке дейінгі дайындығын сапалы етіп, олардың жан-жақты дамуына жол ашады.




