КОРЕЯМЕН ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ КЕҢЕЙЕ ТҮСЕДІ

Түркістан облысының халықаралық аренадағы беделі артып, шетелдік инвесторлармен байланысы нығая түсуде. Осы аптада Түркістан қаласында облыс әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбек пен Корея Республикасының Алматыдағы Бас консулы Ха Тэ Ук кездесіп, өзара тиімді жобаларды талқылады. Бұл жүздесу – қос ел арасындағы экономикалық және мәдени көпірдің беріктігін тағы бір мәрте айқындап берді.
Кездесу барысында тараптар инвестиция, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және медицина салаларындағы ынтымақтастықтың жай-күйін саралады. Қанат Қайыпбек атап өткендей, Корея Республикасы — Қазақстанның ең сенімді әрі стратегиялық серіктестерінің бірі. Бүгінде Түркістан топырағында кореялық капиталдың қатысуымен бірнеше ірі жоба сәтті жүзеге асырылуда. Мәселен, «Doosan Enerbility» компаниясымен бірлесіп, қуаттылығы 926 МВт болатын алып бу-газ электр станциясының құрылысы жүріп жатыр. Түркістан қаласында Кореяның үздік жоғары оқу орындарының бірі — «WOOSONG» университетінің филиалы ашылып, жастарға әлемдік деңгейде білім алуға мүмкіндік берді. Корея халықаралық сауда қауымдастығымен (KITA) арадағы меморандум аясында жаңа өндіріс орындарын ашу мәселесі пысықталуда.
Кореяның Бас консулы Ха Тэ Ук Түркістан облысының қолайлы инвестициялық ахуалына жоғары баға берді. Ол тек өндіріс қана емес, адами капиталды дамыту бағытында да бірқатар ұсыныс тастады. Атап айтқанда қазақстандықтардың Кореяда заңды түрде еңбек етуіне жағдай жасау, өңірде корей тілін үйрету орталықтарын көбейту және қос тараптың туристік әлеуетін ұштастыратын арнайы пакеттер әзірлеу сынды бағыттар сөз болды. Түркістан облысы — климаттық және географиялық жағынан бизнес жүргізуге өте қолайлы аймақ. Облыс әкімдігі шетелдік компанияларға «бір терезе» қағидаты бойынша жан-жақты қолдау көрсетуге әзір. Осы орайда «Біз өңірімізде өз бизнесін дамытуға ниетті барлық компанияларға ашықпыз және ұзақ мерзімді ынтымақтастыққа үміт артамыз» деді Қанат Қайыпбек. Кездесу соңында тараптар нақты жобаларды іске асырудың жол картасын әзірлеуге уағдаласты. Демек алдағы уақытта Түркістанда кореялық технологиямен жабдықталған жаңа кәсіпорындар мен заманауи медициналық орталықтар бой көтереді деп сеніммен айтуға болады.




