ТҮРКІСТАН ТҰСЫНДАҒЫ ЖОЛ ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСТАРЫ ҚАРҚЫНДЫ

Түркістан облысының көлік-логистикалық әлеуетін арттыруда стратегиялық маңызы бар «Батыс Еуропа — Батыс Қытай» халықаралық автодәлізінің сапасы жіті бақылауда. Қазіргі таңда Түркістан қаласының аумағынан өтетін күрежолдың 3 шақырымдық учаскесінде ағымдағы жөндеу жұмыстары қызу жүріп жатыр.

Халықаралық маңызы бар жол болғандықтан, мұндағы құрылыс жұмыстарына қойылатын талап та жоғары. Мамандардың айтуынша, жөндеу барысында ескі асфальт жабындысы толықтай сылынып тасталуда. Оның орнына төзімділігі жоғары, заманауи технологиямен әзірленген қиыршық тас-мастикалық асфальтбетон жабыны төселіп жатыр. Бұл технологияның артықшылығы — жолдың қызмет ету мерзімін ұзартып, көлік қозғалысының қауіпсіздігі мен жайлылығын арттыруында. Әсіресе, жүк көліктерінің ағыны көп бұл дәліз үшін жабынның беріктігі аса маңызды.
Бүгінгі таңда белгіленген аумақтың 1 шақырымдық бөлігіндегі бір жақтама жүріс жолағы толық жөндеуден өтіп, пайдалануға берілді. Қалған учаскелерде техникалар мен жұмысшылар тобы бекітілген кестеге сай еңбек етуде. Жөндеу жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіліп жатыр. Тапсырыс беруші мекеме мен техникалық қадағалаушы ұйымдар жұмыс сапасын күнделікті қадағалауда. Құрылыс-монтаждау жұмыстары ағымдағы жылдың 22 сәуіріне дейін толық аяқталады деп жоспарланған. «Батыс Еуропа — Батыс Қытай» жолы тек Түркістан өңірінің ғана емес, бүкіл еліміздің экономикалық күретамыры. Сондықтан жолдың бұл телімін жаңарту — транзиттік жүк тасымалының іркіліссіз жүруіне және жол апаттарының алдын алуға септігін тигізбек.