ЖАЗҒЫ ЛАГЕРЬЛЕРДІҢ ДАЙЫНДЫҒЫ ПЫСЫҚТАЛДЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өскелең ұрпақтың денсаулығы мен қауіпсіздігін әрдайым басты орынға қойып келеді. Осы орайда, Түркістан облысында балалар мен жасөспірімдердің жазғы сауықтыру демалысын ұйымдастыру бағытында жүйелі әрі кешенді жұмыстар қарқын алды. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтың тікелей бақылауына алынған бұл мәселе биыл мүлдем жаңа сапада іске аспақ.
2026 жылғы жазғы маусымды жоғары деңгейде өткізу мақсатында өңірде ведомствоаралық арнайы штаб құрылып, 2026-2028 жылдарға арналған кешенді жоспар бекітілді. Бұл құжат — тек қағаз жүзіндегі міндеттеме емес, балалардың қауіпсіздігін, сапалы тамақтануын және медициналық қызметтің қолжетімділігін кепілдендіретін нақты іс-қимылдар алгоритмі. Жақында өткен арнайы жиында облыс әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев лагерьлердің дайындық барысын пысықтады. Өз сөзінде «Балалардың жазғы демалысы – бұл жай ғана бос уақытты өткізу емес, бұл – олардың денсаулығын нығайту және жаңа дағдыларды қалыптастыру кезеңі. Әрбір лагерьдің санитарлық жағдайы мен қауіпсіздігі қатаң бақылауда болады» деп атап өтті облыс әкімінің орынбасары.
Облыстық білім басқармасының басшысы Ғалымжан Орыновтың мәліметінше, биыл өңірдегі 1-10 сынып аралығындағы 496 мыңнан астам оқушы жазғы демалыспен қамтылады. Бұл — ауқымды көрсеткіш. Сауықтыру шаралары үш негізгі бағыт бойынша жүргізіледі. Қала сыртындағы демалыс бойынша 23 лагерьде 35 мыңнан астам бала, мектеп жанындағы лагерьлерде 140 мыңға жуық оқушы сауықтырылады. Сонымен бірге 300 мыңнан астам бала туристік, спорттық және шығармашылық бағыттарға тартылады. Айта кетерлігі, әлеуметтік осал топтағы және ерекше бақылауды қажет ететін 1300-ден астам бала мемлекет тарапынан толық қамқорлыққа алынып, тегін демалыс жолдамаларымен қамтамасыз етілмек.
Демалыс орындарының жай-күйі де назардан тыс қалмады. Қазіргі таңда Төлеби ауданындағы лагерьлерге баратын жолдарды жөндеу, спорт алаңшаларын салу және инженерлік желілерді жаңарту жұмыстары жүріп жатыр. Ал Түлкібас ауданындағы лагерьлерді коммуналдық меншікке алу арқылы олардың сапасын арттыру көзделуде.




