ӨНДІРІСТІК ПАРК ҚҰРЫЛЫСЫ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРІП ЖАТЫР

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Сарыағаш ауданына жасаған жұмыс сапары аясында Сарыағаш қаласындағы индустриялық аймақтың тынысымен танысты. Өңір басшысы құрылыс алаңын аралап, кәсіпкерлермен жүздесті. Бұл жоба — облыстағы шағын және орта бизнесті жаңа белеске көтеретін стратегиялық нысан болмақ.
Бүгінде Түркістан облысының әрбір аудан, қаласында өндірістік парктер салу жұмысы қарқын алған. Сарыағаш қаласындағы жаңа нысан — соның айқын дәлелі. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров құрылыс сапасына ерекше мән беріп, инвесторларға мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаудың маңызын түсіндірді. Өз сөзінде «Мемлекетті алға кәсіпкерлер сүйрейді. Сондықтан біз барлық өңірде өндірістік парктер салып жатырмыз. Бұл алаңдар жаңа жұмыс орындарын ашуға, шағын және орта бизнесті дамытуға үлкен серпін береді. Мемлекет тарапынан қолдау бар, ендігі кезекте біз кәсіпкерлерден нақты нәтиже, табысты жұмыс күтеміз» деді өңір басшысы.
Сарыағаш өндірістік паркінің жалпы аумағы 6,5 гектарды құрайды. Жобаның жалпы құны — 800 млн теңге. Құрылыс жұмыстары 2025 жылдың қарашасында басталып, биылғы жылдың маусым айында толық пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Қазіргі таңда құрылыс алаңында 2 нысанның іргетасы құйылып, тіреу конструкциялары орнатылған. Тағы 2 нысанның негізі қалануда. Алдағы аптада бесінші нысанның құрылысы басталмақ. Өндірістік парк аумағында бір мезгілде бес бірдей инвестициялық жоба іске асырылуда. Жоба толық қуатына енген кезде Сарыағаш ауданында өндіріс көлемі айтарлықтай артып, 100-ден астам жергілікті тұрғын тұрақты табыс көзіне ие болады. Бұл — өңірдегі жұмыссыздық мәселесін шешуге және импортқа тәуелділікті азайтуға жасалған нық қадам. Сапалы инфрақұрылым мен кәсіпкерлік рух ұштасқан жерде өсім де, береке де болатыны анық.




