ДИҚАНДАР ҚЫРЫҚҚАБАТТЫҢ АЛҒАШҚЫ ӨНІМІН ЖИНАЙ БАСТАДЫ

Түркістан облысының Мақтаарал және Жетісай аудандарының шаруалары биылғы жылдың алғашқы өнімін жинауға кірісті. Тек 45 күн ішінде пісіп-жетілген ерте пісетін қырыққабат өңір экономикасына ғана емес, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігіне де септігін тигізбек. Бұл жетістіктің сыры — заманауи технология мен су ресурстарын тиімді басқаруда жатыр.
Биылғы көктем Түркістан облысының диқандары үшін берекелі басталды. Су ресурстары және ирригация министрлігінің үйлесімді жұмысының арқасында суармалы су уақытылы жеткізіліп, егістік алқаптары шөліркеген жоқ. Нәтижесінде, агротехникалық талаптарды сақтаған шаруалар небәрі 45 күн ішінде қырыққабаттың алғашқы өнімін алды. Жетісайлық диқан Ермахан Тасов биыл 10 гектар жерге қырыққабат пен қауын еккенін айтады. Оның 4 гектарына тәжірибе ретінде тамшылатып суару жүйесін орнатқан. «Өнім жақсы. Биыл «Қазсушармен» келісімшарт жасастық, су уақытылы келіп жатыр. Су үнемдеу жүйелерінің тиімділігін көріп отырмыз, сондықтан алдағы уақытта бұл әдісті басқа алқаптарға да енгіземіз» дейді диқан.
Мемлекет басшысының су ресурстарын үнемдеу және ауыл шаруашылығын цифрландыру жөніндегі тапсырмасы Түркістан өңірінде нақты істермен көрініс тауып жатыр. Су ресурстары және ирригация министрлігі шаруаларды заманауи суару жүйелеріне көшіру үшін теңдессіз жеңілдіктер ұсынуда. Тарқатсақ, ұңғыма бұрғылау, су үнемдеу жабдықтарын сатып алу шығындарын өтеу үлесі 50 пайыздан 80 пайызға дейін өсті. Су үнемдеу технологияларын қолданатын диқандар үшін су құнын субсидиялау көлемі 85 пайызға дейін ұлғайтылды. Бұл қадамдар шаруалардың шығынын азайтып, өнімнің өзіндік құнын төмендетуге, демек, ішкі нарықтағы бағаның тұрақтылығын сақтауға мүмкіндік береді.
«Қазсушар» РМК Түркістан филиалы бүгінде облыс пен Шымкент қаласындағы 330 мың гектардан астам суармалы жерді сумен қамтып отыр. Оның ішінде 60 мың гектарға жуығы — ең көп күтімді қажет ететін бау-бақша алқаптары. Судың әр тамшысын есепке ала отырып, оны тиімді пайдалану — бүгінгі таңдағы басты басымдық. Түркістандық диқандардың алғашқы өнімі қазірдің өзінде сатуға дайындалуда. Бұл — тек диқанның еңбегі емес, мемлекет пен шаруа арасындағы сындарлы байланыстың жемісі.




