ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ФЕСТИВАЛЬ ӨТТІ

Түркістан облысының инвестициялық әлеуеті мен табиғи ресурстарын ұштастырған «AUYL INVEST FEST. Балық аулау — 2026» бірінші халықаралық фестивалі өңір экономикасына жаңа серпін берді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың балық шаруашылығын дамыту жөніндегі тапсырмасы аясында ұйымдастырылған бұл шара тек спорттық сайыс емес, маңызды экономикалық платформаға айналды.
Түркістан облысы бүгінде республика бойынша жасанды жолмен балық өсіруден көш бастап тұр. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тікелей бақылауымен өңірде балық шаруашылығын индустрияландыру процесі қарқынды жүруде. Бүгінде аймақта 184 балық өсіру шаруашылығы жұмыс істесе, Шардара ауданының өзінде жылына 12 мың тонна өнім беретін төрт ірі кәсіпорын шоғырланған. «Ауыл» партиясымен бірлесе ұйымдастырылған фестиваль осы саланың табысын паш етті. Шараның ашылуында «Ауыл» партиясы төрағасының орынбасары Қайрат Айтуғанов пен облыстық басқарма басшысы Ғалымжан Төлепов атап өткендей, балық шаруашылығы — азық-түлік қауіпсіздігінің кепілі ғана емес, ауылдық аймақтарды дамытудың төте жолы.
Фестивальдің экономикалық астары терең. Мұндай халықаралық шаралар Түркістан облысына бірнеше бағытта пайда әкелмек. Тарқатсақ, шараға қатысқан отандық және шетелдік кәсіпкерлер өңірдің су ресурстарымен танысып, жаңа жобаларға қызығушылық танытты. Бұл — алдағы уақытта жаңа жұмыс орындары мен салық түсімдері деген сөз. «Rauan Ranch» демалыс аймағында өткен сайысқа Қазақстанның әр түкпірінен, Қырғызстаннан және өзге де көршілес елдерден 10 команда келді. Өткен жылы облыста 7 467 тонна балық өсіру жоспары толық орындалды. Мемлекет тарапынан берілетін инвестициялық субсидиялар өнімнің өзіндік құнын төмендетіп, Түркістан балығының сыртқы нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға жол ашады.
Фестиваль аясында балықшылар бірнеше бағыт бойынша бақ сынасты. Қалқымалы қармақпен балық аулаудан Шымкент командасы алтыннан алқа тақса, Қырғызстан мен Түркістан облысының шеберлері жүлделі орындарды бөлісті. Спиннинг пен фидерлік балық аулаудан да көршілес қырғыз бауырлар мен Қызылорда, Жамбыл облыстарының өкілдері жоғары дайындықтарын көрсетті. Ең ірі балықтың салмағы 3,2 келіні құрап, жиналғандарды сүйсіндірді. Бірақ фестивальдің басты олжасы — балық емес, мамандар арасындағы тәжірибе алмасу мен «Таза Қазақстан» акциясы аясында отырғызылған ағаштар болды.
Түркістан облысының табиғи су айдындарының 74-і қазірдің өзінде кәсіпкерлік мақсатта пайдаланылуда. Бұл көрсеткішті арттыру — алдағы күннің еншісінде. Фестивальдің жыл сайын өткізілуі спорттық балық аулауды кәсіби деңгейге көтеріп, өңірді Орталық Азиядағы балық шаруашылығының хабына айналдыруды көздейді. Түркістандықтар үшін балық аулау — жай ғана хобби емес, бұл үлкен индустрияның, тұрақты экономиканың және салауатты болашақтың бастауы. Фестивальдің сәтті өтуі Түркістанның тек рухани емес, сонымен бірге аграрлық-инвестициялық орталық ретіндегі беделін тағы бір мәрте бекемдеді.




