«ЖАҢА АТА ЗАҢ — ӘДІЛЕТТІ ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ ТҰҒЫРЫ»

2026 жылдың мемлекетіміздің тарихында жаңа дәуірдің, соны серпілістің бастауы ретінде қалары анық. Бұл кезең жай ғана уақыт өлшемі емес, бұл — Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың стратегиялық бағдары негізінде «Әділетті Қазақстан» идеясының заңдық тұрғыда біржола орныққан шағы. Референдум арқылы қабылданған жаңа Конституция еліміздің алдағы онжылдықтардағы даму бағытын айқындап берген басты құжатқа айналды.
Жаңа Ата Заңның преамбуласынан бастап, әрбір бабына дейін біртұтас Қазақстан халқының мұрат-мақсаттары көрініп тұр. Мұнда Ұлы Даланың тарихи сабақтастығы мен заманауи демократиялық принциптер керемет үйлесім тапқан. Біз үшін адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғау — жай ғана ұран емес, конституциялық міндет. Әсіресе, дін мен мемлекеттің ара-жігін нақтылай отырып, қоғамның адамгершілік болмысын сақтауға басымдық берілуі — ұлттық руханиятымызды нығайтудың кепілі.
Ерекше атап өтер жайт, Ата Заңда адам капиталы мен білім-ғылым стратегиялық бағыт ретінде бекітілді. Бұл — инновациялық экономикаға өтудің құқықтық іргетасы. Біз енді тек табиғи ресурстарға емес, зияткерлік әлеуетке сүйенетін мемлекетке айналамыз. Сонымен қатар институттық реформалардың өзегінде билік пен бұқара арасындағы алшақтықты жою мақсаты тұр. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы енді конституциялық деңгейде жүзеге аспақ. Бұл — азаматтардың мұң-мұқтажы биік мінберлерде айтылып қана қоймай, нақты заңдық шешімдерге ұласады деген сөз. Бұдан бөлек, халықаралық аренада Қазақстанның беделі арта түспек. Біздің сыртқы саяси бағытымыздың бейбітшілік сүйгіш және прагматикалық сипаты Ата заңда нақты айқындалды. Бұл — ұлттық мүдделерімізді жаһандық деңгейде қорғауға мүмкіндік беретін стратегиялық қадам.
Жаңа Конституция — Әділетті Қазақстанның алтын қазығы. Ол еліміздің құқықтық, саяси және әлеуметтік келбетін түбегейлі жаңғыртуға бағытталған. Меніңше, бұл құжат ХХІ ғасырдағы Қазақстанның орнықты даму бағдарын қалыптастырады. Заң мен тәртіп үстемдік құрған жерде ғана гүлденген мемлекет орнайды. Ал біздің жаңа Ата Заңымыз – осы гүлденудің берік құқықтық кепілі.

Шыңғыс ҚОЗБАХОВ,
Шымкент қаласы мәслихатының депутаты, AMANAT партиясы фракциясының мүшесі.