Елімізде туу көрсеткіші күрт кеміді

«Балалы үй — базар» деп ұрпақ өсіруді ұлттық мұрат санаған жұртымыз үшін бүгінгі статистика көңілге кірбің ұялатады. Соңғы жылдары еліміздегі туу көрсеткіші бәсеңдеп, демографиялық толқынның бағыты кері кете бастады. Ел тарихындағы 20 миллионыншы тұрғынның дүниеге келуімен басталған асқақ үміт бүгінде «жаңа антирекордтар» туралы қауіпке ұласып отыр.

Сарапшы Қанат Оспанов ұсынған деректерге үңілсек, жағдайдың мәз емес екенін көреміз. Небәрі төрт-бес жыл бұрын, яғни 2021 жылда 446,5 мың сәбидің іңгәлаған даусы естілсе, 2025 жылға қарай бұл көрсеткіш 335 мыңға дейін құлдилаған. Биылғы 2026 жылдың алғашқы екі айында (қаңтар-ақпан) небәрі 48 мың баланың туылуы — дабыл қағатын жағдай. Егер бұл қарқын сақталса, биылғы жыл демографиялық шежіремізде ең төменгі көрсеткіш ретінде таңбалануы мүмкін. Халқымыздың саны 20,5 миллионға жеткенімен, ішкі өсімнің тежелуі демографиялық тоқыраудың басталғанын меңзейді.
Бұл жағдайдың басты себебі қандай? Сарапшы бұл түйткілдің тамырын әлеуметтік-экономикалық жағдайлардан іздейді. Айтуынша, бүгінде Астана мен Алматы сынды ірі шаһарларда мектептердің лық толуы, балабақша кезегінің тым созылуы — жас отбасылардың аяғына тұсау. Әсіресе, жекеменшік балабақшалардың бағасы айына 100 мыңнан 300 мың теңгеге дейін шарықтап тұрғанда, ата-ананың «тағы бір сәбилі болсақ» деген ниеті тұрмыстық тауқыметке тіреледі. Ертеңгі күнге деген сенім мен экономикалық тұрақтылық болмаған жерде, демографиялық секіріс жасау — қиынның қиыны. Биылғы дағдарыстың тағы бір терең себебі — 90-шы жылдардағы тоқыраудың жаңғырығы. Сол бір қиын-қыстау кезеңде дүниеге келген ұрпақтың саны аз еді. Міне, сол буын бүгінде отбасын құрып, ұрпақ өрбітетін жасқа жеткенде, олардың санының аздығы жалпы ұлттық көрсеткішке тікелей әсер етіп отыр.
Қорыта айтсақ, бала — елдің ертеңі, ұлттың жалғасы. Сарапшы Қанат Оспанов айтқандай, бұл мәселеге бүгін бейжай қарасақ, ертең кеш болуы мүмкін. Демографиялық саясатты қайта қарап, жас отбасыларға нақты әлеуметтік көмек пен мемлекеттік кепілдіктерді күшейтпейінше, бесік жырының әуені үдей қоюы екіталай. Ұлттық өсімнің кілті — тек сандарда емес, сол сандардың артында тұрған халықтың тұрмыстық сапасында екенін де ұмытпаған абзал.

С.НҰРАЙ.