АҒЫН СУ МӘСЕЛЕСІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Түркістан облысында биылғы суғару маусымы бекітілген жоспарға сай өз мерзімінде бастау алды. Өңірдегі су шаруашылығына қатысты өзекті мәселелер мен дайындық барысын облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков Шардара, Мақтаарал және Жетісай аудандарының жауапты мамандарымен бірге талқылады.

Мәжіліс форматында өткен жиынға ауыл әкімдерінен бастап, су мұраптары мен салалық мекеме өкілдері қатысты. Күн тәртібіндегі негізгі сауалдар суды үнемдеу технологияларын ендіру және су пайдаланушылардың берешегін өтеу мәселелеріне тірелді. Су тапшылығының алдын алу мақсатында Шардара ауданында егіс алқаптарының құрылымына елеулі өзгерістер енгізілуде. Мәселен, ағын суды көп қажет ететін күріш алқаптарын өткен жылмен салыстырғанда 3,4 мың гектарға қысқарту көзделген. Оның орнына суды аз талап ететін жүгері дақылының көлемі 6,5 мың гектарға дейін ұлғайтылмақ. Қазіргі таңда бұл бағыттағы тиімділік шаруаларға жаппай түсіндіріліп жатыр.
Жетісай мен Мақтаарал аудандарында заманауи су үнемдеу технологияларын ендіру жұмыстары қарқын алған. Тарқатсақ, Жетісай ауданында 8 мың гектар жерге жаңа технологияларды ендіру жоспарланса, қазірдің өзінде 163 шаруа қожалығымен 4 983,2 гектарға тамшылатып суару бойынша келісім-шарт түзілген. Мақтаарал ауданында суды үнемдеуге көшірілетін 8 мың гектардың 3 408,4 гектарына нақты келісім-шарттар жасалып үлгерді.
Жиын барысында Нұрбол Тұрашбеков ағын су өтеміне қатысты қалыптасқан қарыз мәселесін қатаң сынға алды. «Бір шаруаның қарызы өзге диқандарға зиянын тигізбеуі тиіс. Су шаруашылығымен түзілетін электронды келісім-шарт мәселесін де соңына жеткізу керек» деді облыс әкімінің орынбасары. Сонымен қатар су босату кезектілігін түзу кезінде әр дақылдың өзіндік ерекшеліктерін ескеру тапсырылды.