ҮКІМЕТТІҢ БИЫЛҒЫ АЯҚ АЛЫСЫ 6 ПАЙЫЗДЫҚ ӨСІММЕН БАСТАЛУЫ МҮМКІН

өндіріс өрге басып келеді

Биылғы жылдың алғашқы тоқсаны еліміздің экономикасы үшін серпінді көрсеткіштермен ерекшеленді. Премьер-министр Олжас Бектенов басқаратын Үкімет өңдеу өнеркәсібіндегі 6 пайыздық өсімді нысанаға алып отыр. Вице-премьер Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен Экономикалық өсім жөніндегі штаб отырысы жыл басындағы аяқ алыстың жаман еместігін көрсетті. Дегенмен бұл жетістікпен тоқмейілсуге болмайтыны да қадап айтылды.

Ұлттық статистика бюросының алдын ала деректеріне сүйенсек, 2026 жылдың қаңтар-наурыз айларында өңдеу өнеркәсібінде нақты оң динамика қалыптасқан. Мұндағы басты драйвер — шикізат емес, дайын өнім шығаруға бағытталған салалар болып отыр. Әсіресе, жеңіл өнеркәсіп саласы таңғалдырарлық нәтиже көрсетті. Оң динамика 156,4 пайыз деңгейіне жеткен. Бұл — отандық жеңіл өнеркәсіптің жаңа деңгейге көтеріліп жатқанының айқын белгісі. Сондай-ақ, дайын металл бұйымдары, жиһаз өндірісі және құрылыс материалдарының өндірісі де қарқынды дамып келеді. Машина жасау саласы да 115,5 пайыздық көрсеткішімен өндіріс көшін ілгері сүйреп келеді. Бұл цифрлар Бектенов Үкіметінің экономиканы әртараптандыру, яғни тек қазба байлыққа ғана телмірмей, өзіміздің өнімді шығару бағытындағы талабының орындалып жатқанын аңғартады.
Экономиканың жай-күйін көрсететін тағы бір маңызды индикатор — көлік және логистика саласы. Көлік министрлігінің дерегінше, алғашқы үш айда бұл сала 109 пайыз деңгейінде өскен. Көрсетілген қызмет көлемі 2,8 трлн теңгеге жетті. Бұл — өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 14,3 пайызға жоғары көрсеткіш. Жүк тасымалының 7,9 пайызға немесе 290,9 млн тоннаға артуы ел ішіндегі сауда-саттықтың жанданғанын көрсетсе, жолаушылар тасымалының 11 пайызға өсуі халықтың мобильділігі артқанын айғақтайды. Теміржол саласында да ілгерілеу бар. 78,3 млн тонна жүк тасымалданып, өткен жылғы межеден 3,6 пайызға асып түсті.
Теміржол арқылы экспортқа шығатын тауарлардың құрылымында көмір, астық, тыңайтқыш және қара металл басым. Сондай-ақ құрама жем мен өсімдік майы сияқты ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты артқаны қуантады. Ал ел ішіндегі қатынаста көмір, мұнай өнімдері мен химиялық заттар тасымалына сұраныс жоғары. Бұл — еліміздің энергетикалық және аграрлық әлеуетінің тұрақтылығының көрінісі. Отырысты қорытындылаған Серік Жұманғарин жетістікке масаттанбай, қосымша резервтерді іздеуді тапсырды. Оның айтуынша, мемлекеттік қолдау тетіктерін, соның ішінде субсидиялауды барынша тиімді пайдалану қажет. «Бізге қосымша өнім шығару немесе жаңа тұрғын үйді пайдалануға беру арқылы болса да өндіріс пен қызмет көлемін нақты ұлғайту қажет. Керек болған жағдайда мемлекет мұндай бастамаларды қолдауға дайын» деп атап өтті вице-премьер.
2026 жылдың алғашқы тоқсанындағы 6 пайыздық өсім – бұл Бектенов Үкіметі үшін жақсы нәтиже. Алайда жыл соңына дейін бұл қарқынды сақтап қалу оңай емес. Сондықтан алдағы уақытта жаңа өндіріс орындарын ашу мен отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру басты міндет болып қала бермек. Әйтпегенде дәл қазіргі көрсеткішті сақтап қалу немесе одан да жоғары нәтижеге жету неғайбыл.

Қ.ДӘУЛЕТӘЛІ.