ТҮРКІСТАНДАҒЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ДЕҢГЕЙДЕГІ АТШАБАР ҚАШАН АШЫЛАДЫ?

Түркістан қаласында халықаралық талаптарға сай салынған жаңа атшабардың ашылу салтанатына дайындық жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Маңызды нысанның құрылысын облыс әкімі Нұралхан Көшеров кезекті рет арнайы барып қарап, атқарылған жұмыстардың сапасын тексерді.
Өңір басшысы құрылыс барысы мен сәулеттік шешімдерге қатысты бірқатар ескертпелерін айтып, ұйымдастыру және үйлестіру жұмыстарын ширатуды тапсырды. Оның айтуынша, атшабар тек спорттық нысан ғана емес, облыстың туристік әлеуетін арттыратын маңызды орталыққа айналуы тиіс. Сонымен қатар мұнда ұлттық спорт түрлерін дамытуға толық мүмкіндік жасалатыны атап өтілді. Ипподром құрылысын «ВД Строй-инжинеринг» ЖШС жүзеге асырған. Нысанға электр, су, жылу және кәріз жүйелері толық жүргізілген. 1500 орындық трибуна салынған. Сондай-ақ төрт жабық және екі жаздық қора, заманауи манеж пайдалануға дайын. Атшабар аумағында жылқыларды күтіп-ұстауға арналған орындар, ветеринарлық бекет, жем-шөп қоймасы қарастырылған. Бәйге алаңы мен көкпар алаңы талапқа сай жабдықталған. Көкпар алаңына тікелей көрсетілімге арналған LED экран орнатылып, жанкүйерлер үшін қолайлы жағдай жасалған.
Жаңа нысанның ашылуы Наурыз мерекесі қарсаңында өтпек. Ұлыстың ұлы күніне орай мұнда ұлттық спорттың онға жуық түрінен халықаралық және республикалық жарыстар ұйымдастырылады. Атап айтқанда, көкпардан әлем чемпионаты, аударыспақтан «Қазақстан қабыланы» турнирі, дәстүрлі садақ атудан Азия чемпионаты, теңге ілуден Азия кубогы, жамбы атудан республикалық турнир, асық атудан Әлем кубогы және қазақ күресінен «Түйе балуандар» турнирі жоспарланған. Сонымен бірге аламан бәйге мен «Толағай» алыптар сайысы өтеді. Бұдан бөлек, мың адам бір мезетте асық ойнап, рекорд орнату көзделіп отыр. Облыс әкімі атшабарды аралағаннан кейін Түркістан қаласындағы өзге де құрылыс нысандарының жай-күйімен танысты. Мердігер компанияларға жұмыстарды уақытылы әрі сапалы аяқтау міндеттелді. Өңірдегі құрылыс жобалары тұрақты бақылауда екені атап өтілді.
Халықаралық талаптарға сай бой көтерген жаңа атшабар Түркістанның спорттық инфрақұрылымын жаңа деңгейге көтеріп қана қоймай, ұлттық спортты ұлықтайтын және туристерді тартатын маңызды орталыққа айналмақ.




