АҚЫЛЫ ЖОЛДАРДАН ТҮСКЕН АҚША ҚАЙДА КЕТТІ?

Қазақстанда ақылы жолдар желісі айтарлықтай кеңейіп, жүргізушілер үшін жаңа ережелер енгізілмек. «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Дархан Иманашев үкімет отырысында биыл ұзындығы 2 мың шақырымды құрайтын 6 жаңа ақылы учаскені іске қосу жоспарланып отырғанын мәлімдеді.
Жаңа тізімге Қарағанды-Балқаш-Бурылбайтал (554,6 км), Бурылбайтал-Құрты (226,4 км), Ақтөбе-Қандыағаш-Мақат (89 км), Талдықорған-Өскемен (773 км), Атырау-Астрахань (277 км) және Мерке-Шу-Бурылбайтал (78 км) бағыттары енген. Қазіргі таңда елімізде жалпы ұзындығы 4 900 шақырым болатын 26 ақылы жол жұмыс істеп тұр. Өткен жылдың қорытындысы бойынша бұл жолдардан 87 миллиард теңге жиналған. Бұл қаражат толығымен жолдарды күтіп ұстауға, соның ішінде 1,5 мыңға жуық арнайы техника сатып алуға, 354 мың шаршы метр жол төсемін жөндеуге және көктайғаққа қарсы материалдар дайындауға бағытталды.
Жүргізушілер үшін маңызды жаңалықтың бірі — жол ақысын төлеу мерзімін 7 күннен 30 күнге дейін ұзарту туралы шешім. Бұл норма қазіргі уақытта уәкілетті органдармен келісіліп жатыр. Сонымен қатар сапа мәселесі де назардан тыс қалмады. Мәселен, егер ақылы учаскеде ақаулар анықталса, жол жүру ақысын алуды уақытша тоқтата тұру мүмкіндігі енгізілді. Бүгінде жалпы ұзындығы 477 шақырымды құрайтын 14 учаскеде ақаулар тіркелгендіктен, жол-құрылыс маусымы басталғанда ол жерлерде тиісті жұмыстар жүргізілмек.




