БИЫЛ ҚАЙ ӨҢІРЛЕРДЕ СУ ТАСҚЫНЫ ҚАУПІ БАР?

Еліміздің Төтенше жағдайлар вице-министрі Кеген Тұрсынбаев алдағы су тасқыны кезеңіне дайындық барысы туралы баяндап, қай өңірлерде қауіп жоғары екенін мәлімдеді.

Көктем шығысымен күннің жылынуы мен қардың еруі мамандарды ерекше сақтыққа итермелеп отыр. Вице-министрдің айтуынша, биылғы жылы «Tasqyn» заманауи жүйесінің көмегімен еліміздегі су басу қаупі бар бес негізгі аймақ нақтыланған. Талдау нәтижесінде қардың қалыңдығы мен топырақтың қату деңгейіне байланысты бірқатар облыс «қауіпті аймақ» санатына жатқызылды. Олар — Солтүстік Қазақстан облысы, Ақмола облысы, Шығыс Қазақстан облысы, Абай облысы және Қарағанды облысы.
Кеген Тұрсынбаев Сенатта берген сұхбатында жағдайдың толық бақылауда екенін жеткізді. 1 наурыздан бастап елімізде тәулік бойы жұмыс істейтін жедел штаб іске қосылған. Бұл штаб күнделікті форматта бес өңірдегі ахуалды жіті қадағалап отыр. «Қазір елді мекендерге төніп тұрған тікелей қауіп жоқ. Жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, барлық қажетті ескерту шаралары мен тиісті инженерлік жұмыстар жүргізілді. Біздің күш құрылымдарымыз кез келген жағдайға толық әзір» деді вице-министр. Мамандардың айтуынша, биылғы тасқыны қаупіне басты себеп — қардың мөлшерден тыс көп түсуі мен жердің тым терең қатуы. Дегенмен алдын алу шаралары дер кезінде қолға алынғандықтан, жағдай тұрақты деп бағалануда.