ШАҢЫРАҚ ШАЙҚАЛЫП ТҰР

Қазақстанда неке саны тарихи ең төменгі деңгейге түсті

Қазақстанның демографиялық ахуалында алаңдатарлық тренд байқалуда. «Finprom» сараптамалық порталының мәліметінше, 2025 жыл ел тарихындағы неке тіркеу көрсеткіші ең төмен болған жыл ретінде тіркелді. Отбасылық құндылықтар мен әлеуметтік институттардың трансформациялануы неке санының азаюына ғана емес, ажырасу көрсеткішінің күрт өсуіне алып келді.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша елімізде небәрі 114,5 мың неке тіркелген. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 7,4 пайызға аз. Неке саны азайғанымен қоса, ажырасу көрсеткіші керісінше 11,9 пайызға өсіп, 45,5 мың жағдайға жетті. Ең сорақысы — бұл екі көрсеткіштің арақатынасы. Егер 2023 жылы 100 некеге небәрі 14 ажырасудан келсе, 2025 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 40-қа жуықтады. Яғни құрылған әрбір үшінші-төртінші шаңырақтың бірі бұзылып жатыр деген сөз. Неке мен ажырасудың негізгі үлесі урбанизация деңгейіне байланысты қалаларға тиесілі. Барлық некенің 68,1 пайызы қалалық жерлерде қиылған. Алайда қалалардағы ажырасу саны да жоғары — 33,8 мың жағдай.
Айта кетерлігі, ауылдық жерлерде некеге тұруға ниеттілер саны қалаға қарағанда жылдамырақ азайып келеді. Дегенмен отбасылық беріктік жағынан ауылдар әлі де алда. Салыстырсақ, қалаларда 100 некеге 43 ажырасудан келсе, ауылдарда 100 некеге 32 ажырасудан келеді. Географиялық тұрғыдан алғанда, Қазақстанның солтүстік және оңтүстік өңірлері арасында үлкен айырмашылық бар. Неке мен ажырасу арақатынасы ең күрделі аймақ — Қарағанды облысы. Мұнда құрылған шаңырақтардың жартысынан астамы ыдырап кеткен.
Бұл көрсеткіштер еліміздің солтүстік және орталық аймақтарында отбасы институтының терең дағдарысқа ұшырағанын көрсетеді. Керісінше, дәстүрлі құндылықтар көбірек сақталған Түркістан және Алматы облыстарында жағдай әлдеқайда тұрақты. Мамандар бұл құбылысты бірнеше фактормен байланыстырады. Біріншіден, экономикалық жағдай мен тұрғын үй мәселесі жастардың некеге тұруын кейінге шегеруіне себеп болып отыр. Екіншіден, қоғамдағы жеке бас еркіндігі мен «лайықты өмір» стандартының өзгеруі ажырасуға деген көзқарасты жеңілдетті. Түйіндей келе, 2025 жылғы статистика Қазақстан үшін үлкен дабыл болуы тиіс. Егер неке санының азаюы мен ажырасудың көбеюі осы қарқынмен жалғаса берсе, бұл болашақта демографиялық дағдарысқа және бала туу көрсеткішінің төмендеуіне алып келері анық.