БЫЛТЫР КЕЗЕКТЕ ТҰРҒАН 14,5 МЫҢ АДАМ БАСПАНАЛЫ БОЛДЫ

Үкіметтің кезекті отырысында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев еліміздегі баспана кезегінде тұрған азаматтарды қуантарлық жаңалықтармен бөлісті. Министрдің мәлімдеуінше, биыл мемлекет тарапынан тұрғын үй саласын жандандыру мақсатында кешенді қолдау шаралары жалғасады.

Соның ішінде ең маңызды бағыттардың бірі ретінде 18,2 мың жеңілдетілген ипотекалық несие беру жоспарланып отыр. Бұл мақсатқа қол жеткізу үшін жергілікті атқарушы органдардың бағалы қағаздарын сатып алу арқылы 155 млрд теңге қаражат жұмсалмақ. Бұл қаржы шамамен 11,5 мың кредиттік тұрғын үй салу мен сатып алуды қамтамасыз етеді.
Өткен жылдың қорытындысына тоқталған ведомство басшысы мемлекеттік қолдаудың нақты нәтижелерін де тілге тиек етті. Айталық, былтыр 218 млрд теңгеге 14,5 мың жалдамалы пәтер сатып алынып, кезектегі азаматтарға берілген болатын. Сонымен қатар «кредиттік тұрғын үйлер» бағыты бойынша 140 млрд теңге бөлініп, 14 мыңнан астам пәтер пайдалануға берілді. Инженерлік инфрақұрылымды дамыту мәселесі де назардан тыс қалмай, 10,5 мың жер учаскесіне қажетті желілер тартылған. Тұрғындар үшін тиімділігі жоғары 2 және 5 пайыздық мөлшерлемемен бес мыңнан астам несие берілсе, «Наурыз» және «Наурыз-Жұмыскер» бағдарламалары аясында тағы 8,6 мың отбасы өз шаңырағына ие болды. Биылғы меже бұдан да жоғары болмақ, бұл өз кезегінде еліміздегі баспана қолжетімділігін арттырып, әлеуметтік мәселелердің оңтайлы шешілуіне септігін тигізеді.