ПОЛЬШАЛЫҚ ІРІ ФАРМАЦЕВТИКАЛЫҚ КОМПАНИЯ ШЫМКЕНТТЕ ЗАУЫТ САЛАДЫ

Бүгінде қарапайым халықтың қалтасына салмақ салып отырған басты мәселенің бірі — дәрі-дәрмек бағасының тоқтаусыз өсуі. Ұлттық статистика бюросының соңғы деректері көңіл көншітпейді. Биылғы қаңтар айында фармацевтикалық препараттар өткен жылдың басымен салыстырғанда 15,1 пайызға қымбаттаған.
Energyprom.kz сарапшыларының мәліметінше, бағаның шарықтауы былтырғы тамыз айынан бастап айқын сезіле бастады. Дәл осы уақытта Денсаулық сақтау министрлігінің дәрі-дәрмектің шекті бағасы туралы жаңа бұйрығы күшіне еніп, содан бері қымбаттау қарқыны артқан. Бұл жағдай тұтынушыларға қиын жағдай туғызып отыр. Мәселен, былтырғы тоғыз айда қазақстандықтар дәрі-дәрмекке 537,4 миллиард теңге жұмсаған, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 11 пайызға көп. Ал бір адамға шаққандағы тоқсандық шығыс 4 мың теңгеге дейін өскен. Демек халық дәріні аз сатып алса да, төлейтін ақшасы еселеп артып жатыр.
Осындай қысылтаяң шақта отандық өндірісті дамыту — нарықты реттеудің жалғыз тиімді жолы. Бұл бағытта Шымкент қаласында маңызды қадамдар жасала бастады. Бұдан біршама уақыт бұрын қала әкімі Ғабит Сыздықбеков пен «Химфарм» («Polpharma Santo») басшылығы кездесіп, дәрі-дәрмек бағасын тұрақтандырудың нақты тетіктерін талқылаған болатын. Нәтижесінде Шымкентте заманауи фармацевтикалық зауыт салу туралы ірі инвестициялық жобаға жол ашылды. Қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбектің айтуынша, Үкімет мақұлдаған бұл жобаға шамамен 40 миллиард теңге жеке инвестиция тартылмақ. Бұл — тек қала экономикасына құйылған қаржы ғана емес, елдегі дәрі тапшылығы мен импортқа тәуелділікті азайтудың нақты стратегиясы.
Жаңа зауыт іске қосылғанда өндірілетін дәрілік препараттардың тізімі 38 атауға дейін кеңейеді. Ең бастысы, бұл тізімде бүгінде бағасы удай әрі сұраныс жоғары онкологиялық, жүрек-қан тамырлары және жұқпалы ауруларға арналған өмірлік маңызы бар дәрілер бар. Өндірістің бірінші кезеңі 2029 жылдың соңына жоспарланғанымен, қазірдің өзінде дайындық жұмыстары қызу. Сонымен қатар Польша тарапынан Шымкентте Сапа және инновациялар орталығын салу жоспарланып отыр. Бұл орталық жаңа дәрілерді әзірлейтін ғылыми-зерттеу зертханаларын қамтиды. Яғни біз тек шетелдің дайын технологиясын көшіріп қана қоймай, өз ғылыми әлеуетімізді де арттырамыз.
Жаңа өндіріс орнының ашылуы 300-ге жуық адамды тұрақты жұмыспен қамтып қана қоймай, Шымкентті еліміздегі басты фармацевтикалық хабқа айналдырады. Егер отандық өнім үлесі артса, нарықтағы бағаға сыртқы факторлардың әсері азайып, дәрі-дәрмектің қолжетімділігі артары сөзсіз. Ендеше, бүгінгі бағаның қымбаттауы — ішкі өндірісті тезірек жолға қою қажеттігін көрсететін басты сигнал. Шымкенттегі бұл жоба сәтті жүзеге асса, болашақта дәріханаға барған тұрғындардың қалтасына түсетін салмақ едәуір жеңілдей түспек.
Ж.БАЛАУСА.




