СЫНАУ ОҢАЙ, АЛ МОЙЫНДАУ – МӘРТТІК

әкімге жасалған ақпараттық шабуылдың артында қандай мүдде жатыр?

Жуырда Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Түркістан қаласының тұрғындарымен кездесу өткізген болатын. Міне, сол жиында аймақ басшысына сауал жолдаған тұрғындардың арасында дау туып, артынша бейнежазбалар әлеуметтік желілерде тарап кетті. Қош, қойылған сауалдардың арасында өзектісі де болды, негізсіздерін де көзіміз шалды. Не керек, айтамын деген адамның алдын ешкім кескен жоқ. Бірақ…

Әлденеше күн өткеннен кейін қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлының іскерлігі мен басшылық қабілетіне күмән келтіретін пікірлер қаптай бастады. Аңғарсақ, пікірлердің астары бір, мәні ұқсас. Тіпті, кейбір бұқаралық ақпарат құралдары да бұл тақырыптың көркін қыздырып, көсіле мақала жазып жатыр. Әрине, мұнысы демократиялық қоғам үшін қалыпты дүние болуы керек. Әйтсе де бір ғана оқиғамен әкімнің беделін түсіруге әрекет ету әбестік болар еді. Өйткені дәл сол қоғамдық қабылдауларда айтылған кейбір мәселелердің шындыққа жанаспайтынын облыс әкімі де ақырын аңғартып кетті. Артынша қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы да базынасын айтқан бұқарамен жүздесіп, мәселесін көзбен көрді. Заң аясында түсіндіру жұмысын да жүргізді. Осы тұста, мұндай шараның алғаш рет жүргізіліп отырмағанын айта кеткеніміз абзал. Мәселен, былтыр қала әкімдігінің қызметкерлері 118 қабылдау өткізіп, барлығы 644 тұрғынның мәселесін тыңдаған. Оның ішінде қала әкімі 24 қабылдау өткізіп, 224 азаматты жеке қабылдаған. Азаматтарды қабылдау орталығына жыл бойы 57 765 адам жүгініп, 1 343 өтінім тіркелген. Сонымен қатар, 39 100 азаматқа кеңес беру қызметі көрсетілген. Қала әкімдігіне түскен жолданымдар саны өткен жылмен салыстырғанда 17 пайызға артқанын да тілге тиек ете кетейік. Бұл – халық саны артып келе жатқан облыс орталығы үшін қалыпты құбылыс. Бұл ғана емес, 230 мыңнан аса халқы бар қалада мәселенің болатыны да, күн сайын шығатыны да бесенеден белгілі. Ендеше, ат төбеліндей топ көтерген мәселе арқылы тұтас қалада атқарылған жұмысты жоққа шығаруға болмас.
Түркістан қаласының бір жылда жеткен жетістіктері орын алған жайсыз жағдайдың көлеңкесінде қалып қойғаны жасырын емес. Асылында, атқарылған іс көп. Ендеше тарқатайық, 2025 жылдың қорытындысы бойынша Түркістан қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуында тұрақты өсім байқалды. Жалпы өңірлік өнім көлемі 526,3 млрд теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 16,3 пайызға артты. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 45,9 млрд теңгені құрап, өңдеу өнеркәсібі 29 млрд теңгеге жетті. Негізгі капиталға тартылған инвестициялар 502,7 млрд теңгеге дейін ұлғайды. Құрылыс жұмыстарының көлемі 275,4 млрд теңгені құрап, жоспар 112,5 пайыз деңгейінде орындалған. Пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 552,6 мың шаршы метрді құрап, жоспар 102,2 пайызға орындалды. Сондай-ақ сауда көлемі 193,9 млрд теңгеге жетіп, жоспар 161,9 пайызға артығымен орындалған. Аңғарсаңыз, қаланың экономикалық көрсеткіштері өсіп отыр. Инвестиция тарту ісі де ілгерілеген. Өңірлік өнім көлемі артқан.
Рухани астананың келбеті күн санап өзгеріп, көне шаһар дамудың даңғыл жолына түсті. Бүгінде Түркістан тек туристік орталық қана емес, тұрғындар үшін қолайлы, инфрақұрылымы кемелденген ақылды қалаға айналып келеді. Қала әкімдігі атқарған ауқымды жұмыстардың нәтижесінде жол, жарық және экология мәселелері жүйелі шешімін тауып жатыр. Қала билігінің басым бағыттарының бірі — жол сапасын арттыру. Былтыр шаһар аумағында жол инфрақұрылымын жақсарту мақсатында 111 көше орташа жөндеуден өтіп, пайдалануға берілген. Бұл жұмыстар мұнымен тоқтап қалмақ емес. Қазіргі уақытта тағы 48 көшеде құрылыс-жөндеу қарқынды жүріп жатыр. Осы жобалар аяқталған соң қалалық маңызы бар жолдардың қанағаттанарлық жағдайдағы үлесі 66,7 пайызға жетеді. Бұл — Түркістанның логистикалық әлеуетін арттырып, көлік кептелісі мен тұрғындардың қатынас мәселесін жеңілдетпек.
Түркістанның түнгі келбеті де ерекше тартымды бола түскен. Қауіпсіздік пен жайлылықты қамтамасыз ету үшін 328 көшеде жарықтандыру жұмыстары толық аяқталды. Нәтижесінде қаланы жарықпен қамту деңгейі 92 пайыздық межеге көтерілді. Бұған қоса, жаңадан бой көтеріп жатқан шағын аудандарды инженерлік инфрақұрылыммен жарақтандыру ісі де кенже қалған жоқ. Газ, ауыз су, электр қуаты және кәріз желілерін тарту жобалары кезең-кезеңімен іске асырылып, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға басымдық берілуде. Экологиялық ахуалды оңалту мен жасыл желек көлемін ұлғайту да — Түркістанның басты мақсаттарының бірі. 2025 жылдың қорытындысы бойынша қала аумағындағы 36 саябақ пен 80 скверде ауқымды абаттандыру шаралары жүргізілген. Сандарды сөйлетсек, 1,4 миллионнан астам жас көшет отырғызылып, 410 мыңнан астам бұта егілген. 168 көше мен 16 жасыл алқап толық көгалдандырылған. Бұл жұмыстар шаһарда қолайлы микроклимат қалыптастырып қана қоймай, тұрғындардың демалыс аймақтарын жаңғыртуға мүмкіндік берді.
Қош, аңғарып отырсақ, тарихи қалада атқарылған іс аз емесіне көзіміз жетеді. Қала берді, қала аумағының өсіп, жаңа тұрғын үйлердің бой көтеріп жатқанын ескерсек, мәселенің қатар жүретіні ойымызға оралады. Рас, сын айтылды. Дегенмен оны елеусіз, ескерусіз қалдырып жатқан әкімдік жоғын жоғарыда нақты деректермен келтірдік. Ең әрісі, ат төбеліндей топтың базынасын алға тартып, тұтас қалада атқарылған істі жоққа шығаруға да болмайды. Әрине, халықтың үніне құлақ асуымыз керек. Сонымен қатар бәрін бірдей қанағаттандыратын бюджеттің бүйірі созыла беретін сағыз емесін де естен шығармауымыз тиіс. Мәселенің түрлі саланы қамтитынын ескерумен қатар, әкімнің де өз міндеті мен мүмкіндігі барын естен шығармайық. Қорыта айтсақ, тақырыпты түрлендіріп, Пазылбекұлының іскерлігі мен қабілетін жоққа шығаруға ұмтылған әлдебір топ жұмыс істеп отыр ма деген ой санамыздан сығалайды. Әйтпегенде тек жаманын тізіп, жақсысын жасырып қоймас еді-ау. Олардың қандай мүддесі бар? Әзірге бұл сауалдың басы ашық…

Қ.ДӘУЛЕТӘЛІ.