ДІН ӨКІЛДЕРІНЕ КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ ӨЗГЕРІСТЕР КЕҢІНЕН ТҮСІНДІРІЛДІ

Шымкент қаласының әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек қаладағы дін өкілдерімен кездесіп, жаңа Конституция жобасының негізгі бағыттарын жан-жақты түсіндірді. Кездесу барысында ел дамуы, қоғамдық тұрақтылық және рухани тұтастық мәселелері кеңінен талқыланды.
Іс-шарада имамдарға конституциялық реформалардың мазмұны мен стратегиялық маңызы баяндалып, қоғам бірлігін сақтау жолындағы ортақ міндеттер айтылды. Сәрсен Абайұлы өз сөзінде қазақ қоғамының негізін құрайтын дәстүр, салт, имандылық пен жауапкершілік құндылықтарына ерекше назар аударды. «Қазақ халқы қашанда дәстүр мен салтты, ұят пен иманды жоғары қойған. Дәстүрлі қоғамның өкілдері ретінде осы құндылықтарды сақтау — баршамызға ортақ міндет» деді ол. Жиын барысында Құрылтай институтының рөлі, халық кеңесі форматы, сондай-ақ білім мен ғылымның ел дамуына қосатын үлесі туралы пікірлер айтылды. Сонымен қатар мемлекет негізі саналатын жер тұтастығы қағидатына ерекше назар аударылды.
Мемлекеттік тілдің мәртебесі мен ел бірлігінің маңызы да кеңінен қозғалды. Кездесу қатысушылары мемлекеттік тілдің тұғыры берік болуы — мемлекеттіліктің басты белгілерінің бірі екенін атап өтті. Елдік мүдденің ең алдымен бірлікпен өлшенетіні де сөз болды. Сәрсен Абайұлы жаңа Конституция жобасы 11 бөлімнен, 95 баптан тұратынын, құжаттағы нормалардың 84 пайызы жаңартылғанын жеткізді. Аталған өзгерістер басқару жүйесін жетілдіруге, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктерін күшейтуге бағытталған. Жиын қорытындысында дін өкілдері қоғамдағы келісім мен тұрақтылықты сақтау, ел бірлігін нығайтудағы жауапкершіліктерінің зор екенін атап, жаңа Конституция жобасына қолдау білдірді. Бұл кездесу қаладағы әлеуметтік және рухани үйлесімділікті нығайтуға бағытталған маңызды шара ретінде бағаланды.




