ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАР БІР АЙДА «ӘДЕМІ» НӨМІРЛЕРГЕ 5,9 МЛРД ТЕҢГЕ ЖҰМСАҒАН

Қазақстанда темір тұлпарына ерекше мемлекеттік нөмір таңдау науқаны нағыз табыс көзіне айналды. Небәрі бір айдың ішінде «әдемі» комбинацияларға құмартқан жүргізушілер қазына қоржынына 5 миллиард 900 миллион теңгеге жуық қаражат құйған. Бұл көрсеткіш еліміздегі автокөлік иелерінің ерекшелікке келгенде қаражат аямайтынын айқын аңғартып отыр.

Жыл басында «өз қалауыңмен нөмір таңдау» жобасы іске қосылғанда, Халыққа қызмет көрсету орталықтарында нағыз қарбалас басталғаны белгілі. Көлік тізгіндеген ағайынның сәтті цифрлар мен әріптерге деген ықыласы кезекті көбейтіп жіберген. Ішкі істер органдарының ресми мәліметінше, алғашқы айдың өзінде-ақ 144 мыңнан астам өтініш тіркелген. Бұл — сұраныстың күткендегіден әлдеқайда жоғары болғанының дәлелі. Десе де құзырлы органдар туындаған мәселенің шешімін тез тапты. Жүргізушілерге ыңғайлы болуы үшін мобильді қосымшалар арқылы тапсырыс беру мүмкіндігі енгізіліп, процестің басым бөлігі цифрлық форматқа көшірілді. Нәтижесінде, берілген өтініштердің 137 мыңы қанағаттандырылып, иелеріне табысталды.
Бүгінде қарапайым нөмірден сәл өзгешерек, бірақ көз тартарлық нөмірді таңдау құны 10 айлық есептік көрсеткішті немесе шамамен 43 мың теңгені құрайды.

«Уақыт».