300 ТӨСЕК-ОРЫНДЫҚ ЗАМАНАУИ АУРУХАНАНЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТАЛДЫ

Түркістан облысында денсаулық сақтау саласын дамытуға бағытталған ірі әрі стратегиялық жоба жүзеге аса бастады. Сарыағаш қаласында 300 төсек-орындық заманауи көпбейінді аурухананың құрылысы ресми түрде басталып, оның іргетасын қалау рәсіміне Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысты. Бұл жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркістан облысына жұмыс сапары барысында берген нақты тапсырмасы аясында қолға алынып отыр және өңір халқы үшін аса маңызды әлеуметтік нысан саналады.

Жаңа медициналық кешеннің салынуы облыстың денсаулық сақтау жүйесін сапалық жаңа деңгейге көтеруді көздейді. Аурухана тек Сарыағаш қаласының тұрғындарына ғана емес, сонымен қатар Келес, Мақтаарал, Жетісай, Қазығұрт және Шардара аудандарының халқына да қызмет көрсететін болады. Бұл аудандарда жалпы саны 1 миллионнан астам адам тұрады. Демек, жаңа аурухана өңірдегі медициналық қызметтің қолжетімділігі мен сапасын арттыруда шешуші рөл атқарады. Іргетас қалау рәсімінде сөз сөйлеген облыс әкімі Нұралхан Көшеров бұл жобаның маңыздылығына ерекше тоқталды. Оның айтуынша, көпбейінді аурухана құрылысы — өңірдің денсаулық сақтау саласындағы жаңа белес әрі халықтың өмір сапасын арттыруға бағытталған үлкен қадам. Әкім Президенттің халық денсаулығын жақсартуға арналған бастамалары аясында облыста ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанын атап өтіп, жаңа аурухана мыңдаған тұрғынға үміт сыйлап, жүздеген отбасының амандығын сақтауға үлес қосатынын жеткізді. Сонымен қатар бұл нысан тек ғимарат емес, шипа мен сенім ордасына айналуы тиіс екенін айтты.
Жоба аясында салынатын аурухана 300 төсек-орынға есептелген және оның құрылымында үш негізгі блок қарастырылған. Хирургиялық блокта 50 төсек-орын болады, мұнда нейрохирургия, офтальмология, ЛОР және травматология бөлімшелері жұмыс істейді. Терапиялық блок 100 төсек-орынға арналған, оның құрамына неврология, инсульт орталығы, кардиология және интервенциялық кардиология бөлімшелері кіреді. Ал ең ауқымдысы – перинаталдық блок, ол 150 төсек-орыннан тұрады және ана мен балаға арналған заманауи күтім, жүкті әйелдер патологиясы бөлімшелерін қамтиды. Бұл құрылым өңірде ана мен бала денсаулығын қорғауды жаңа деңгейге шығаруға мүмкіндік береді.
Медициналық кешен толықтай заманауи жоғары технологиялы құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіледі. Бұл күрделі әрі жоғары дәлдікті медициналық қызметтерді өңірден шықпай-ақ алуға жағдай жасайды. Аурухана 10,4 гектар аумақта орналасады, үш қабатты ғимараттың жалпы ауданы 70 мың шаршы метрден асады. Жобаның жалпы құны 74,5 млрд теңгені құрайды. Құрылыс жұмыстарының аяқталуы 2027 жылдың желтоқсанына жоспарланған. Жобаны іске асыру үшін Сарыағаш қаласынан қажетті жер телімі бөлінген. Құрылысты жүзеге асыратын мердігер ұйым – «ASPAN HOLDINGS» ЖШС. Техникалық қадағалауды «Строй-Проф» ЖШС, ал авторлық қадағалауды «Engineering center ltd» ЖШС жүргізеді. Бұл ұйымдардың қатысуы құрылыстың сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқталуына кепіл болмақ.
Аурухана құрылысының басталуы өңірде жаңа жұмыс орындарын ашуға, білікті медициналық кадрларды тартуға және жас мамандарды өңірде тұрақтандыруға да мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде медициналық қызметтің тұрақты әрі сапалы көрсетілуіне оң әсерін тигізеді. Жалпы, Түркістан облысында соңғы жылдары халық денсаулығын жақсартуға бағытталған жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Ордабасы ауданының Темірлан ауылында 200 орындық перинаталдық орталықтың құрылысы басталса, Түркістан қаласында демеушілер есебінен салынып жатқан «Ана мен бала» орталығы келесі жылы пайдалануға берілмек.
Өткен жылы облыс көлемінде 40-қа жуық медициналық нысан пайдалануға беріліп, оның 6-уы Сарыағаш ауданында іске қосылған. Сонымен қатар шалғай ауылдық елді мекендерде фельдшерлік-акушерлік пункттер ашылып, алғашқы медициналық көмектің қолжетімділігі айтарлықтай артты. Сарыағаш қаласында бой көтеретін көпбейінді аурухана осы жұмыстардың заңды жалғасы ретінде өңір халқының денсаулығын нығайтуға, медициналық қызмет сапасын арттыруға және әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға қызмет ететін маңызды нысанға айналмақ.