САЙРАМДА 20-ДАН АСТАМ ӨНДІРІС ОРНЫ АШЫЛАДЫ

Сайрам ауданында әлеуметтік-экономикалық дамуды жеделдетуге бағытталған кешенді жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Биылғы жылдың соңына дейін ауданда жалпы құны 43,9 млрд теңгені құрайтын 21 ірі жоба іске асырылмақ. Бұл бастамалар нәтижесінде 1 232 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Бұл туралы Сайрам ауданының әкімі Мадияр Оразалиев бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен өткен брифинг барысында кеңінен мәлімдеді.
Аудан экономикасының негізгі драйверлерінің бірі – өнеркәсіп саласы. Қазіргі таңда Сайрам аумағында «Kuzov Karabulak» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің автобөлшектер өндіретін зауытының құрылысы аяқталуға жақын. Құрылыс жұмыстары 95 пайызға орындалған. Жалпы құны 2,5 млрд теңге болатын бұл кәсіпорын іске қосылғаннан кейін 500 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Жоба ауданның өндірістік әлеуетін арттырып қана қоймай, отандық автобөлшектер өндірісін дамытуға да үлес қоспақ. Аудан басшысы өз сөзінде өткен жылдың қорытындыларына да тоқталды. Оның айтуынша, 2025 жылы ауданның өндірістік әлеуетін дамыту мақсатында жалпы құны 30,3 млрд теңгені құрайтын 16 инвестициялық жоба сәтті іске асырылған. Соның нәтижесінде 570 адам жұмыспен қамтылған. Бұл көрсеткіштер Сайрам ауданының инвестициялық тартымдылығының жылдан-жылға артып келе жатқанын көрсетеді.
Ауыл шаруашылығы, әсіресе ет өндірісі мен экспорттау бағыты аудан экономикасының маңызды салаларының бірі болып отыр. Өткен жылы «KAZ ECO MEAT» ЖШС-нің заманауи ірі мал бордақылау алаңы пайдалануға берілді. Бұл кешенде жылына 5 мың бас ірі қара мал бордақыланып, 10 мың тоннаға дейін ет өңделеді. Сонымен қатар, «MEAT MAGNAT» өндірістік кооперативі 10 мың басқа арналған мал бордақылау алаңы мен мал қалдықтарын өңдейтін цехты былтырғы жылдың желтоқсан айында іске қосты. Алдағы жылдарға арналған жоспарлар да ауқымды. 2026 жылы «FATIMA MEAT MAGNATE» шаруа қожалығы 10 мың бас уақ мал бордақылауға арналған мал қора кешені мен мал сою алаңын іске қосуды көздеп отыр. Сонымен бірге «BEK-AGRO.KZ» шаруа қожалығы 5 мың бас ірі қара мал бордақылауға арналған заманауи кешенді пайдалануға бермек. Бұл жобалардың барлығы ауданның ет экспорттау саласындағы әлеуетін одан әрі күшейтіп, халықаралық нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған. Айта кету керек, Сайрам ауданы бұл сала бойынша республика көлемінде көш бастап тұрған өңірлердің қатарында.
Экономикалық көрсеткіштер де айтарлықтай өсімді көрсетіп отыр. 2025 жылдың қорытындысы бойынша ауданның жалпы өңірлік өнім көлемі 418,7 млрд теңгеге жетіп, өсім 31,2 пайызды құраған. Ал биыл бұл көрсеткішті 467 млрд теңгеге дейін жеткізу жоспарланып отыр. Ауыл шаруашылығы саласында өткен жылы 158,3 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, салаға 8,9 млрд теңге инвестиция тартылған. 2026 жылы ауыл шаруашылығы өнімінің көлемін 166,3 млрд теңгеге жеткізу көзделуде. Өнеркәсіп саласында да оң динамика байқалады. Өткен жылы 86,3 млрд теңгенің өнеркәсіп өнімі өндіріліп, оның 78 пайызы өңдеу өнеркәсібіне тиесілі болған. Биыл бұл көрсеткішті 96,6 млрд теңгеге дейін арттыру жоспарланған. Сонымен қатар өткен жылы ауданға 181,8 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылып, бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда екі есеге жуық өскен.
Инфрақұрылым саласында да айтарлықтай ілгерілеу бар. Қазіргі таңда ауданға қарасты 42 елді мекен толықтай ауыз сумен қамтамасыз етілген. Тозығы жеткен электр желілерін жаңғырту және қалпына келтіру жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілуде. Табиғи газбен қамту деңгейі 92,8 пайызға жетсе, асфальтталған автомобиль жолдарының үлесі 79 пайызды құрап отыр. Тұрғын үй мәселесін шешу де аудан басшылығының басты назарында. Осы мақсатта Сайрам ауданында жаңа мөлтек ауданның құрылысы басталған. Қазіргі таңда Қарасу ауылында 57 гектар аумақта көпқабатты тұрғын үйлер салынуда. Жоба аясында 5 қабатты 47 тұрғын үй, ауыл әкімшілігінің ғимараты және бірқатар әлеуметтік нысандар бой көтереді. Бұл бастама тұрғындарды қолжетімді баспанамен қамтуға және елді мекеннің сәулеттік келбетін жақсартуға бағытталған.
Жалпы алғанда, Сайрам ауданында жүзеге асырылып жатқан жобалар өңірдің экономикалық қуатын арттырып, халықтың әл-ауқатын жақсартуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға нақты мүмкіндік беріп отыр. Алдағы жылдары бұл жұмыстар өз жалғасын тауып, ауданның тұрақты дамуына берік негіз қаламақ.




