150-ДЕН АСТАМ ТҰРҒЫННЫҢ ТАЛАП-ТІЛЕГІ ТЫҢДАЛДЫ

Шымкент қаласында тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстарын тыңдауға бағытталған дәстүрлі азаматтарды қабылдау шарасы өтті. Қала тұрғындары өздерін толғандырған түрлі әлеуметтік және инфрақұрылымдық мәселелерді көтеріп, шаһардың дамуына қатысты ұсыныстарын жеткізді. Мұндай кездесулер билік пен халық арасындағы тиімді байланысты нығайтып, өзекті мәселелерді жедел шешуге мүмкіндік береді.

Қабылдау барысында тұрғындар негізінен баспана және жер қатынастары, кәсіпкерлікті дамыту, денсаулық сақтау, әлеуметтік көмек көрсету және қаланы абаттандыру бағытындағы мәселелерді көтерді. Сонымен қатар қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты бірқатар жаңа бастамалар мен ұсыныстар айтылды. Олардың кейбірі алдағы жұмыс жоспарына енгізу мақсатында жан-жақты қарастырылатын болды.
Бір күн ішінде мегаполис әкімі Ғабит Сыздықбеков, қала әкімінің орынбасарлары, аудан әкімдері және басқарма басшылары 150-ден астам азаматты қабылдады. Әрбір өтініш бойынша тұрғындарға толыққанды түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, тиісті кеңестер берілді. Бұл шара азаматтардың мемлекеттік органдарға деген сенімін арттыруға және мәселелерді ашық талқылауға мүмкіндік беретін маңызды алаңға айналып отыр.
Қала басшылығы жауапты тұлғаларға тұрғындардың өтініштері бойынша жедел әрі нақты әрекет етудің маңыздылығын атап өтті. Әсіресе, кері байланысты күшейту, қабылданған шешімдердің орындалуын бақылау және атқарылған жұмыстар туралы өтініш иелерін дер кезінде хабардар ету негізгі міндеттердің бірі ретінде белгіленді. Тек түсіндіру жұмыстарымен шектелмей, нақты нәтижеге қол жеткізу әкімдік қызметінің басты қағидаты болуы тиіс екені айтылды. Жалпы алғанда, мұндай қабылдаулар қаладағы әлеуметтік мәселелерді жүйелі түрде шешуге, тұрғындардың сұраныстарын ескеруге және өңірдің тұрақты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам болып отыр.

С.НҰРАЙ.