МЕКТЕПТЕРДЕ МЕНЕДЖМЕНТ АҚСАП ТҰР

сан қуалаудың соңы
неге соқтырды?

Білім беру – кез келген елдің болашағын айқындайтын маңызды да жауапты сала. Сондықтан елімізде бұл салаға бөлінетін қаражат аз емес. Десе де кемшін тұстардың барын жасыра алмасымыз анық. Қағаз бетіндегі есеп пен шынайы өмірдегі ахуал көп жағдайда қабыса бермейді. Қала берді, соңғы уақытта жылдар бойы жасырып, жанамалап келген талай деректер айқын болып жатыр.

Жуырда Оқу-ағарту министрлігі басшылығының қатысуымен облыстық білім басқармалары жетекшілерімен аппараттық жиын өткізілген болатын. Онда өңірлердегі білім сапасы мен инклюзивті білім беруді дамыту мәселелері жан-жақты қаралды. Жиында аймақтар арасындағы білім сапасының айырмашылықтары, кадр тапшылығы, басқару тиімділігі және білім беру инфрақұрылымының өзекті мәселелері кеңінен талқыланды. Міне, сонда соны деректер де айтылып қалды.
Кездесу барысында министр Жұлдыз Сүлейменова өңірлердегі білім сапасының біркелкі еместігіне ерекше назар аударды. Оның айтуынша, кейбір облыстарда білім беру көрсеткіштері төмен деңгейде қалып отыр. Бұл жағдай білім сапасын нақты нәтижелер арқылы емес, жүзеге асырылған жобалардың санымен өлшеу тәжірибесінің әлі де сақталып отырғанын көрсетеді. Министр білім беру жүйесінде қағаз жүзіндегі есептер мен формалды көрсеткіштерге емес, оқушылардың шынайы білім деңгейі мен жетістіктеріне басымдық берілуі қажет екенін атап өтті. Жиында білім беру сапасына тікелей әсер ететін негізгі факторлардың бірі ретінде басқарушы кадрлардың тапшылығы айтылды. Қазіргі таңда ел аумағындағы мектептерде 490 директор орны бос тұр. Әсіресе, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстарында мектеп басшыларының жетіспеушілігі айқын байқалады. 2025 жылы директорлық қызметке үміткерлердің тек 21 пайызы ғана тестілеуден өткен. Бұл дегеніміз — басшы болғысы келетіндердің 80 пайызы заманауи басқару талаптарына сай емес. Сәйкесінше, мектеп директорларының көшбасшылық қабілетінің төмендігі ұжымдағы корпоративтік мәдениетті құрдымға жібереді. Мұғалімдердің «мазасы қашып», министрлікке арыз жазуының жиілеуі — мектеп ішіндегі демократия мен кәсіби этиканың жоқтығының тікелей көрсеткіші. Бұл – алаңдатарлық мәселе.
Сонымен қатар нақты ғылымдар пәндері бойынша педагогтердің жетіспеушілігі де өзекті мәселе ретінде көтерілді. Педагогтердің кәсіби деңгейін бағалау нәтижесінде мұғалімдердің 52,62 пайызы белгіленген шекті деңгейден өте алмаған. Әсіресе, Түркістан, Жамбыл, Атырау, Ақтөбе және Ұлытау облыстарында көрсеткіштердің төмен болуы білім беру сапасының өңірлік теңсіздігін күшейтіп отыр. Нақты ғылымдар бойынша мамандардың тапшылығы ертеңгі күні инженерлер мен технологтардың тапшылығына әкелетіні анық. Министрдің «сандық көрсеткішті қуалауды тоқтату» туралы талабы дәл осы жерде өте орынды. Біз қағаздағы «біліктілігі артқан мұғалімдер» санымен емес, оқушының функционалды сауаттылығымен мақтануымыз керек еді. Өкінішке қарай, жағдай біз күткендей болмай тұр.
Білім беру жүйесіндегі тағы бір маңызды мәселе — ақпараттық платформалардың әртүрлілігі мен деректердің шашыраңқылығы. Бұл басқару шешімдерін қабылдау процесін күрделендіріп, есептіліктің артуына алып келуде. Осы мәселені шешу мақсатында барлық өңірлік ақпараттық жүйелерді Esep.kz платформасына кезең-кезеңімен біріктіру жоспарланған. Бұл шара деректердің ашықтығын қамтамасыз етіп, ақпаратты біріздендіруге және артық есептілікті азайтуға мүмкіндік береді.
Жиында инклюзивті білім беру мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Министр инклюзияның негізгі мақсаты — тек көрсеткіш үшін арнайы кабинеттер ашу емес, ерекше білім беру қажеттілігі бар балалардың қоғамға толыққанды бейімделуіне жағдай жасау екенін атап өтті. Осы бағытта өңірлердегі инклюзивті білім беру кабинеттерінің тиімділігіне арнайы талдау жүргізілмек.
Жиын қорытындысында өңірлік білім басқармаларының басшыларына нақты тапсырмалар жүктеліп, олардың орындалу мерзімдері белгіленді. Аңғарғанымыз, ведомство басшысы саладағы шынайы ахуалды ашық айтып, білімнің есепте ғана мінсіз болып келген ескі соқпақтан шығуына барын салуда. Қош, мектепті қағаз бен есепті мінсіз ететін басшы емес, оқушының білімін арттыруға, бәсекеге қабілетті болуына атсалысатын көшбасшы дамытатыны айқын. Айтылған сынға қарап, сең қозғалғанын да сезген сияқтымыз. Ендігі кезек — істе. Оның қалай жүзеге асары да уақыттың еншісінде қалып отыр…

Қ.ДӘУЛЕТӘЛІ