МИНИСТР БОЛЖАМЫ ҺӘМ НАРЫҚ ШЫНДЫҒЫ

бәсеке бағаны құлата ала ма?

Қазақстанның автокөлік нарығы соңғы жылдары құбылмалы кезеңді бастан кешуде. Ресми статистика бағаның өскенін көрсеткенімен, Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев жақын арада темір тұлпарлардың құны төмендейтінін айтып, оптимистік мәлімдеме жасады. Қош, тарқатайық…

Министрдің айтуынша, бағаның арзандауына тікелей әсер ететін фактор — бәсекелестік. Қазақстандық зауыттар жыл сайын шығарылатын модельдер мен маркалардың түрін көбейтіп жатыр. Экономикалық заңдылық бойынша, ұсыныс көбейген сайын және таңдау мүмкіндігі артқанда, өндірушілер сатып алушы үшін күресіп, бағаны түсіруге мәжбүр болады. «Жаңа маркалар нарыққа шыққан сайын бағалар міндетті түрде төмендейді. Мұны нақты айта аламын» деді ведомство басшысы. Бұл үрдіс тек отандық брендтерге емес, соңғы уақытта нарықты жаулап алған қытайлық автокөліктердің де баға саясатына қысым көрсетпек.
Министр атап өткен темір тұлпар құнының арзандауы үшін бірқатар факторлар рөл ойнайтынын ұмытпауымыз керек. Біріншісі – локализация деңгейі. Егер біз тек дайын бөлшектерді құрастырумен шектелсек, баға валюта бағамына тәуелді болып қала береді. Ал оның төмендеуі үшін қосалқы бөлшектерді өзімізде шығаруды арттыру қажет. Екіншіден, қытайлық автоөндірушілердің агрессивті баға саясаты отандық зауыттарды тиімдірек жұмыс істеуге итермелеуі мүмкін. Бұдан тұтынушы ұтқанымен, автоиндустрия саласы ақсауы мүмкін екенін де ұмытпаған жөн. Үшіншіден, өндіріс көлемі инфляция мен логистикалық шығындарды жабуға қауқарлы болғанда ғана баға төмендеуі мүмкін. Қош, осыларды ескерсек, ведомство басшысы айтқан арзаншылықтың жуық арада келе қоймайтынына көзіміз жете түсетін тәрізді. Әрине, анығы уақыттың еншісінде ғой…

Ж.БАЛАУСА.