«ҚОҒАМДАҒЫ ШЫМКЕНТ ЖАЙЛЫ ТЕРІС КӨЗҚАРАСТЫ БҰЗУЫМЫЗ КЕРЕК»

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің төрағалығымен Құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезектен тыс отырысы өтті. Жиынға құқық қорғау және арнаулы органдардың басшылары, мәслихат депутаттары, Қоғамдық кеңес мүшелері мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Кеңесте қаладағы криминогендік ахуал, қабылданып жатқан профилактикалық шаралардың тиімділігі және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі ведомствоаралық өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды. Күн тәртібіндегі сұрақтар бойынша Шымкент қалалық Полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы Арман Бейсенбаев, Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеттің қалалық департаментінің басшысы Өркен Сейітов және қала прокурорының орынбасары Рашид Әміров баяндама жасады. Қала әкімі құқық бұзушылықтардың алдын алу мемлекеттік органдар жұмысының негізгі басымдықтарының бірі болып қала беруі тиіс екенін атап өтті. Сондай-ақ жаңа «Құқық бұзушылық профилактикасы туралы» Заңның күшіне енуіне байланысты алдын алу шараларын жергілікті деңгейде күшейту, қауіп-қатерлерді ерте кезеңде анықтау және кешенді тәсілді енгізу қажеттігіне тоқталды.
Ғабит Сыздықбеков ауыр құқық бұзушылықтардың, әсіресе кәмелетке толмағандар арасындағы суицидтің алдын алуға ерекше назар аудару керектігін айтып, бұл бағытта барлық салада кең көлемді ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізудің маңызын атап өтті. Өз сөзінде «Өкінішке қарай, Шымкентте мұндай қайғылы жағдайлар кездесіп отыр, оны жоққа шығаруға болмайды. Олардың алдын алу – тек құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл қоғамның міндеті. Үйде – ата-ана, мектепте – мұғалім, көшеде – әрбір азамат жауапты. Сондықтан барлық салада ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілуі тиіс. Профилактиканы күшейту аса маңызды» деп атап өтті қала әкімі. Сонымен қатар Шымкент жайлы қоғамда қалыптасқан теріс көзқарасты бұзу керегін алға тартты. Отырыс қорытындысы бойынша қала әкімі құқық қорғау органдары мен аудан әкімдеріне өзара үйлесімді жұмыс жүргізіп, профилактикалық шараларды жүйелі түрде күшейту жөнінде нақты тапсырмалар жүктеді.

«Уақыт».