АСТЫҚ ЭКСПОРТЫНДА АЙТАРЛЫҚТАЙ ӨСІМ БАР

Қазақстан өңірдегі ірі астық жеткізушілерінің бірі ретіндегі орнын сақтап қана қоймай, экспорттық әлеуетін күшейтіп, сыртқы нарықтардағы позициясын айтарлықтай нығайтып отыр. «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының деректеріне сәйкес, 2025 жылғы қыркүйектен 2026 жылғы 31 қаңтарға дейін елден 5,8 млн тонна астық экспортталған.
Бұл көрсеткіш өткен маркетингтік жылдың осы кезеңімен салыстырғанда айтарлықтай жоғары. Нақты айтқанда, 2024-2025 жылдардың сәйкес мерзімінде экспорт көлемі 4,8 млн тоннаны құраған болатын. Осылайша, бір жыл ішінде астық экспорты 1 млн тоннаға артқан. Сараптамалық деректер Қазақстанның дәстүрлі нарықтардағы жеткізілімдерін айтарлықтай ұлғайтқанын көрсетеді. Экспорт көлемінің негізгі өсімі Орталық және Оңтүстік Азия елдеріне тиесілі. Бұл аймақтар Қазақстан астығы үшін тұрақты әрі стратегиялық маңызы бар бағыттар саналады.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, Өзбекстан Қазақстан астығының басты импорттаушысы болып қала беруде. Аталған кезеңде бұл елге экспорт көлемі 49 пайызға өсіп, 1 млн 813 мың тоннадан 2 млн 702 мың тоннаға дейін жеткен. Бұл – өңірлік сұраныстың жоғары екенін және логистикалық бағыттардың тиімді жұмыс істеп жатқанын аңғартады. Қырғызстанға жеткізілім көлемі де едәуір артқан. Егер өткен жылы бұл елге 95 мың тонна астық экспортталса, биыл көрсеткіш 1,7 есеге өсіп, 163 мың тоннаға жеткен. Мұндай өсім Қазақстан астығының көршілес нарықтардағы бәсекеге қабілеттілігін көрсетеді. Ауғанстан бағыты да ерекше назар аударады. Бұл елге экспорт көлемі 1,9 есеге ұлғайып, 216 мың тоннадан 416 мың тоннаға дейін артқан. Ауғанстанға астық жеткізілімінің өсуі гуманитарлық және сауда байланыстарының қатар дамып келе жатқанын білдіреді.
Жалпы көрсеткіштер Қазақстанның астық нарығындағы экспорттық мүмкіндіктерінің артып келе жатқанын дәлелдейді. Тасымалдау көлемінің ұлғаюы, негізгі нарықтардағы сұраныстың сақталуы және жаңа бағыттардың дамуы елдің агроөнеркәсіптік кешенінің тұрақтылығын көрсетеді.
О.ҚАСЫМ.




