САРЫАҒАШТА АЙНАЛМА ЖОЛДЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ БИЫЛ БАСТАЛАДЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың V отырысында елдегі көлік инфрақұрылымын дамыту мәселесіне ерекше тоқталып, Сарыағаш қаласы маңындағы көлік қозғалысының тығыз екенін атап өтті. Президент биыл «Сарыағаш айналма жолы» жобасының құрылысын қолға алу қажеттігін айтты. Осы тапсырманы жүзеге асыру мақсатында Түркістан облысында жол құрылысы бойынша нақты жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі таңда ҚР Көлік министрлігі Автомобиль жолдары комитеті мердігерді анықтау үшін конкурстық рәсімдер өткізуде.
Сарыағаш айналма жолының жалпы ұзындығы 102 шақырымды құрайды. Жоба I б санаты бойынша төрт жолақты автожол ретінде салынып, республикалық маңызы бар А-15 автомобиль жолына балама бағыт қызметін атқарады. Бұл жолдың салынуы Сарыағаш қаласы мен оған іргелес аумақтардағы көлік жүктемесін азайтып, транзиттік көліктердің кедергісіз қозғалысын қамтамасыз етеді. Жаңа жол қозғалысы қауіпсіздігін арттырумен қатар, өңірдің көлік-логистикалық әлеуетін дамытуға да мүмкіндік береді. Түркістан облысының әкімдігі Мемлекет басшысының тапсырмаларын уақтылы орындауды тұрақты бақылауда ұстап, жобаның белгіленген мерзімде іске асуын қамтамасыз ететін болады. Құрылыс жұмыстары 2026 жылы басталуы жоспарланып отыр.
Облыс аумағында автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 17 692 шақырымды құрайды. Өткен жылы 291 нысан, яғни 1241 шақырым жол мен көшелер жөндеу жұмыстарымен қамтылып, оның 210 нысаны немесе 863,2 шақырым жол пайдалануға берілді. Биылғы жылы 476,7 шақырым жолды қамтитын 64 нысанның құрылысы жүргізілмек. Жыл соңына дейін 57 нысан немесе 347,6 шақырым жолды пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бұл көрсеткіштер өңірдегі көлік инфрақұрылымын жаңарту мен сапасын арттыруға бағытталған тұрақты жұмыстың көрінісі болып отыр.
«Сарыағаш айналма жолы» жобасының іске асуы көлік тығыздығын төмендетіп, жол қозғалысын қауіпсіз етуге, транзиттік қатынасты жақсартуға және экономикалық белсенділікті арттыруға бағытталған стратегиялық маңызды бастама болып табылады. Жобаның жүзеге асырылуы Сарыағаш қаласы мен оның айналасындағы аудандар үшін көлік жүйесінің тиімділігін арттырып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсер береді. Сонымен қатар жол құрылысы мен қызмет көрсету саласында жаңа жұмыс орындары ашылып, аймақ тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсартуға үлес қосады. Түркістан облысының әкімдігі мен құрылыс саласындағы мердігерлер жобаны белгіленген мерзімде сапалы орындауға, тұрғындар мен транзиттік көліктер үшін ыңғайлы және қауіпсіз жол қозғалысын қамтамасыз етуге барлық қажетті шараларды қолданатын болады.




