ӘЛЕУМЕТТІК МАҢЫЗЫ БАР АЗЫҚ-ТҮЛІК БАҒАСЫН ТҰРАҚТАНДЫРУ ЖҰМЫСТАРЫ АТҚАРЫЛЫП ЖАТЫР

Түркістан облысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мәселесі өңірлік биліктің басты назарында. Бұл мәселе облыс әкімі аппаратының апталық мәжілісінде жан-жақты талқыланып, алдағы кезеңге арналған нақты міндеттер айқындалды. Жиында облыс әкімі Нұралхан Көшеров азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу және жергілікті өндірісті дамыту бағытында жауапты басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдеріне бірқатар тапсырмалар жүктеді.
Азық-түлік бағасының тұрақтылығы — халықтың тұрмыс сапасына тікелей әсер ететін маңызды фактор. Осыған байланысты облыс әкімі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бойынша кешенді іс-шара жоспарын бекітіп, оны қатаң бақылауға алуды тапсырды. Оның айтуынша, бағаны реттеу тек әкімшілік шаралармен шектелмеуі тиіс, бұл жүйелі әрі ұзақмерзімді саясатты қажет етеді. Нұралхан Көшеров ортадағы делдалдық тізбекті қысқартып, шаруалардың өз өнімін нарыққа тікелей шығаруына жағдай жасау қажеттігін ерекше атап өтті. Сонымен қатар қоймаларда сақтаулы тұрған азық-түлік өнімдерінің нақты аудан, қалаларға таратылуы мен сатылуына тұрақты мониторинг жүргізу, елді мекендерде әлеуметтік дүкендер ашу бойынша ұсыныстар енгізу міндеттелді.
Жиында Тұрақтандыру қорының жұмысына ерекше назар аударылды. Облыс әкімі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тек Түркістан қаласындағы 70-ке жуық ірі супермаркеттерге, базарлар мен әлеуметтік дүкендерге ғана жеткізіліп отырғанын сынға алып, бұл тәжірибені барлық аудан мен қалаларға кеңейтуді тапсырды. Оның айтуынша, облыстың барлық тұрғындары бірдей деңгейде қолжетімді әрі арзан азық-түлікке қол жеткізуі тиіс. Облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы Нұржігіт Мырзахметовтың мәліметінше, жыл басында азық-түлік бағасының өсуі байқалып, жедел шаралар қабылданған. Соның нәтижесінде қазіргі уақытта нан бағасы бастапқы деңгейге қайтарылды.
Түркістан қаласындағы нан өндіруші кәсіпорындарға бірқатар қолдау көрсетілуде. Атап айтқанда, нан компаниясы өндіруші ретінде жеңілдетілген коммуналдық тарифтер тізіміне енгізіліп, арзандатылған ұнмен қамтамасыз етілуде. Сонымен қатар Тұрақтандыру қоры арқылы қаржыланған «Инсаф» және «Ғажайып» нан өндірушілері күніне 2 мың дана әлеуметтік нанды нарыққа 70 теңгеден ұсынып отыр. Ұн бағасын арзандату мақсатында «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ұлттық компаниясына 2 мың тонна бидайды жеңілдетілген бағамен сатып алу үшін облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы тарапынан өтінім берілген.
Көкөніс өнімдерінің бағасын маусымаралық кезеңде тұрақтандыру мақсатында тауар өндірушілермен алдын ала форвардтық келісімшарттар жасалған. Желтоқсан айының соңынан бастап осы келісімдер арқылы алынған өнімдерді нарыққа шығару жұмыстары басталды. Бүгінгі күнге дейін нарыққа 510 тонна картоп, 620 тонна қырыққабат, 268 тонна пияз және 240 тонна сәбіз жеткізілді. Айналым схемасы, форвардтық келісімшарттар және қоймалардағы қорларды есепке алғанда, Тұрақтандыру қорында жалпы көлемі 22 мың тоннаға жуық азық-түлік қоры жинақталған. Мамандардың айтуынша, бұл қор маусымаралық кезеңде бағаның тұрақсыздығы байқалған жағдайда, нарықты алты айға дейін тұрақтандыруға жеткілікті.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Әлібек Плаловтың айтуынша, облыс халқы жыл бойы өңірде өндірілетін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының 17 түрімен толық қамтамасыз етіледі. Бұл – облыстың аграрлық әлеуетінің жоғары екенін көрсететін маңызды көрсеткіш. Кеш мерзімде пісетін картоп өндірісі 79,4 мың тоннаны құрап, облыстың қамтамасыз етілу деңгейі 74 пайызға жеткен. Қазіргі уақытта Тұрақтандыру қорында 6,8 мың тонна картоп қоры бар. Ал ерте пісетін картоп өнімдері бойынша облыс халқы қажеттіліктен екі есе артық көлемде қамтамасыз етіледі. Сәбіз өндірісі бойынша да оң көрсеткіштер бар. Кеш мерзімде пісетін сәбіз көлемі 20 мың тоннаны құрап, қамтамасыз етілу деңгейі 81 пайызды құрайды. Тұрақтандыру қорында 1,8 мың тонна сәбіз сақтаулы. Ерте пісетін сәбіз өнімдерімен де облыс халқы екі есе артық көлемде қамтамасыз етілмек. Сонымен қатар өңірде құс еті, жұмыртқа, балық еті және өзге де азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілген.
Мәжіліс барысында облыс әкімі жергілікті өндіріс көлемін арттыру мәселесіне ерекше тоқталды. Оның айтуынша, әлеуметтік маңызы бар 31 азық-түлік түрінің тек 17-сі ғана жергілікті тауар өндірушілер есебінен қамтамасыз етіліп отыр. Ал қалған 14 өнімнің кемінде 9 түрін облыс аумағында өндіруге толық мүмкіндік бар. Атап айтқанда, айран, жұмыртқа, ірімшік, сары май, балық, сүзбе, қаймақ, тауық еті және рожки өнімдері бойынша өңір өзін толық қамтамасыз ете алады. Облыс әкімі бұл бағытта нақты жұмыс жоспарының жоқтығын сынға алып, «Ауыл аманаты» және өзге де мемлекеттік бағдарламалар арқылы жергілікті кәсіпкерлер мен шаруаларды үйлестіруді тапсырды.
Нұралхан Көшеров азық-түлік өнімдері бойынша өңірлік брендтерді қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті. Жергілікті өнім түрлерін көбейту тек бағаны тұрақтандыруға ғана емес, сонымен қатар жаңа жұмыс орындарын ашуға, кәсіпкерлікті дамытуға және облыстың экономикалық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді. Осыған байланысты жауапты басқармаларға жергілікті тауар өндірушілерді қолдау, өндірістік кооперацияларды дамыту және нарыққа шығу тетіктерін жетілдіру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізу тапсырылды.
Түркістан облысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бағытында кешенді әрі жүйелі шаралар қабылданып отыр. Тұрақтандыру қорының тиімді жұмысы, форвардтық келісімшарттар, жергілікті өндірушілерді қолдау және делдалдық тізбекті қысқарту – осы саясаттың негізгі тетіктері. Облыс әкімінің нақты тапсырмалары мен қойылған міндеттер өңірде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, бағаның негізсіз өсуіне жол бермеуге және халықтың әлеуметтік әл-ауқатын арттыруға бағытталған. Алдағы уақытта бұл жұмыстардың нәтижесі Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына оң ықпал ететіні сөзсіз.




