ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ӨТІНІШТЕРІ МЕН ҰСЫНЫСТАРЫ ТЫҢДАЛДЫ

Түркістан облысында тұрғындардың өтініш-тілектерін тыңдау және қоғаммен ашық диалог орнату бағытында жүйелі жұмыстар жалғасуда. Осы міндетті басшылыққа алған «AMANAT» партиясының облыстық филиалы ұйымдастырған мобильді көшпелі қоғамдық қабылдау кездесуі Кентау қаласында жалғасты. Жиын қаладағы жастар ресурстық орталығында өтті, оған азаматтар кеңінен қатысып, партия ашып берген диалог алаңын пайдаланды.
Қабылдауға қатысқан тұрғындардың өтініштеріне жедел әрі сапалы жауап беру мақсатында қаладағы әкімдік қызметкерлері, департамент және басқарма басшылары, құқық қорғау органдарының өкілдері, халыққа қызмет көрсететін ұйымдардың мамандары, нотариустар, адвокаттар, медиаторлар, банк және әлеуметтік сала қызметкерлері, жалпы саны 60-қа жуық облыстық деңгейдегі мекемелер мен ұйымдардың өкілдері қатысты. Азаматтар көтерген мәселелердің барлығы нақты қаралып, шешімін табуға бағытталды. Қоғамдық қабылдаудың ашылуына «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихаттағы фракция жетекшісі Алтынсары Үмбетәлиев, Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов және өзге де басшылар қатысып, азаматтармен ашық диалог жүргізудің маңыздылығын атап өтті. Олар партиялық алаң тұрғындар көтерген мәселелерді мүмкіндігінше шұғыл әрі сапалы шешуге ықпал ететінін түсіндірді.
Алтынсары Үмбетәлиевтің айтуынша, Мемлекет басшысының нақты тапсырмасына сәйкес азаматтардың өтініштері кейінге қалдырылмай, әділ және нақты шешім табуы тиіс. Өткен жылы облыстық партия филиалына 15 687 өтініш келіп түскен, олардың 10 547-сі, яғни 67,2 пайызы оң шешімін тапқан. Сонымен қатар 5 082 өтініш бойынша құқықтық консультациялар беріліп, 3 488 қоғамдық қабылдау өткізілген. «Құқықтық көмек» жобасы аясында 107 қабылдау ұйымдастырылып, 787 азаматтың мәселесі қаралған. Кентау қаласы өзіндік әлеуметтік және инфрақұрылымдық ерекшелігі бар аймақ ретінде белгілі. Мұнда тұрғын үй қорының тозуы, инженерлік желілердің жаңартылуы, жұмыспен қамту, жастар саясаты сияқты мәселелер жиі көтеріледі. Партия бұл түйткілдердің барлығын жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, кезең-кезеңімен шешуге мүдделі. Бүгін айтылған әрбір өтініш бақылауға алынып, олардың орындалуы партиялық қадағалауда болады.
Қабылдау барысында партияның «Құқықтық көмек» жобасы аясында тұрғындардың өтініштері жеке-дара қаралды. Кентаулықтар тұрғын үй, жер қатынастары, әлеуметтік төлемдер, еңбек даулары, алимент, несие жүктемесі, мұрагерлік, отбасылық мәселелер және коммуналдық қызмет сапасына қатысты өзекті проблемаларын көтерді. Нотариустар мен адвокаттар құқықтық кеңес берсе, медиаторлар даулы мәселелерді сотқа жеткізбей шешу жолдарын түсіндірді. «Отбасы банк» өкілдері тұрғын үй бағдарламалары мен жеңілдетілген несиелеу тетіктері жөнінде жан-жақты ақпарат ұсынды. Көптеген өтініштер сол жерде шешімін тауып, қалғандары бақылауға алынды.
Қала тұрғындары тұрғын үй қатынастары саласына қатысты сұрақтар қойып, көпқабатты үйлердің тозуы, инженерлік инфрақұрылымның жай-күйі, ауыз су мен жылу жүйесіне қатысты мәселелерді, кондоминиум құру, аулаларды абаттандыру, аяқжолдар төсеу, ойын және спорт алаңдарын салу бойынша өтініштерін жеткізді. Сонымен қатар орамішілік жолдарды қалпына келтіру, қосымша бағдаршамдар орнату, жаяу жүргіншілер өткелдері мен жасанды жол кедергілерін қою, жылдамдық өлшеу құралдарын орнату сияқты жол қауіпсіздігіне қатысты мәселелер көтерілді. Әлеуметтік салада мүгедектікті тағайындауға көмек беру, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға санаторлық жолдама беру, газбен қамту және жылу тарифіне қатысты сұрақтар қаралды. Жастар практикасына қатысу, арендалық пәтерді мүгедектігі бар азаматтың атына аудару сияқты мәселелер бойынша да кеңестер берілді.
Қабылдауға қатысқан тұрғындар мұндай көшпелі қоғамдық қабылдаулар билік пен халық арасындағы байланысты нығайтып, азаматтардың мәселелерін жылдам әрі тиімді шешуге ықпал ететінін атап өтті. Мобильді кездесулер түс қайта Қарнақ елді мекенінде жалғасып, тұрғындардың өтініштері тыңдалуы мен шешімін табуы партиялық бақылауда болатыны мәлімделді.




