КЕЛЕС АУДАНЫНДА АУЫР АТЛЕТИКА ЖАТТЫҒУ ЗАЛЫ АШЫЛДЫ

Түркістан облысының Келес ауданында ауыр атлетикадан жаңа жаттығу залы пайдалануға берілді. «Keles» спорттық-сауықтыру кешенінің базасында ашылған зал жасөспірімдер мен жастарға кәсіби деңгейде спортпен айналысуға толық мүмкіндік береді. Жаттығу залы заманауи құрал-жабдықтармен толық қамтылған. Аталған жабдықтар Келес ауданының тумасы, облыстық ауыр атлетика федерациясының вице-президенті Самат Ергешбаевтың демеушілігімен алынған. Айта кету керек, бұл бастама ауыл тұрғындары мен ата-аналардың бұған дейін көтерген ұсыныстары негізінде жүзеге асырылды.
Салтанатты ашылу рәсіміне Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев, Түркістан облысы ауыр атлетика федерациясының президенті Алмасхан Жамбаев, федерация вице-президенттері, ауыр атлетикадан әлем чемпионаттарының екі дүркін күміс жүлдегері Жазира Жаппарқұл және 2024 жылы Манама қаласында өткен әлем чемпионатының жеңімпазы Нұрғиса Әділетұлы қатысты. Ашылу салтанатында сөз сөйлеген аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев жаңа спорт нысанының маңыздылығына ерекше тоқталды. Ол ауыр атлетиканың тәртіпті, табандылық пен ерік-жігерді талап ететін спорт түрі екенін атап өтіп, жаңа залдың ауыл балалары үшін үлкен мүмкіндік екенін айтты. «Мемлекет тарапынан бұқаралық спортты дамытуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Біздің басты мақсатымыз — жастарды салауатты өмір салтына баулу, олардың қабілетін ерте анықтап, кәсіби спортқа бағыттау» деді аудан басшысы, демеушілік жасаған азаматқа алғысын білдіре отырып.
Түркістан облысы ауыр атлетика федерациясының президенті Алмасхан Жамбаев биыл Келес ауданымен қатар Ленгір, Түлкібас және Созақ аудандарында да ауыр атлетика залдары ашылып жатқанын айтты. Оның сөзінше, бұған дейін Түркістан, Шымкент қалалары, сонымен қатар Арыс қаласы мен Шардара ауданында 100-ден аса спортшы тұрақты түрде жаттықса, енді бұл көрсеткіш едәуір артады. Бұл жаңа залдардың ашылуы жас спортшылардың кәсіби деңгейде дамуына, облыстық және республикалық жарыстарда жоғары нәтижелер көрсетуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар биыл Түркістан облысының ауыр атлеттері Қазақстан Республикасының чемпионаттарында ғана емес, Азия және әлем чемпионаттарында да жоғары нәтижелер көрсетуге дайындықты күшейтуде. Жаттықтыру жұмыстарының тиімділігін арттыру үшін жаңа залдар заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліп, кәсіби жаттықтырушылар қызмет етеді. Ал шілде айында алғаш рет Түркістан қаласында ауыр атлетикадан Қазақстан Республикасының чемпионаты өткізіліп, еліміздің барлық өңірлерінен келген спортшылар бақ сынамақ. Бұл жарыс өңір спортын дамыту мен жас спортшылардың кәсіби деңгейін анықтауда маңызды рөл атқаратын болады.
Жалпы жаңа жаттығу залдарының ашылуы Келес ауданы мен облыстың басқа аудандарында спортты дамытуға, жас таланттарды кәсіби деңгейде дайындауға, облыстық және республикалық жарыстарға қатысатын спортшылардың санын арттыруға зор мүмкіндік беріп отыр. Сонымен қатар бұл бастама жергілікті тұрғындар арасында салауатты өмір салтын насихаттап, жастардың спортқа қызығушылығын арттыруға бағытталған.




