ҚАҢТАРДА ҚЫЗАНАҚ ПІСТІ

Еліміздің көптеген өңірінде қыс мезгілінде қар қалыңдап, аяз күшейген шақта Түркістан облысының Келес ауданында қызанақ пісіп, ішкі нарыққа жол тартуда. Бұл – табиғаттың тосын сыйы емес, аудан диқандарының заманауи технологияны тиімді пайдаланып, тынымсыз еңбек етуінің нақты нәтижесі. Қысқы кезеңде көкөніс өндіру ауыл шаруашылығындағы жаңа мүмкіндіктерді ашып, өңірдің экономикалық әлеуетін арттыруға ықпал етуде.

Келес ауданындағы «Мұстафа» шаруа қожалығы бүгінде 5 гектар аумақты қамтитын жылыжай кешенінде тұрақты жұмыс жүргізіп отыр. Оның 1 гектарына израильдік «Малика» сұрпы егілген. Аталған сұрып өнімділігімен, сапасымен және қысқы жылыжай жағдайына бейімділігімен ерекшеленеді. Қазіргі таңда піскен қызанақ өнімдері ішкі нарыққа шығарылып, тұтынушыларға жеткізілуде. Бұл қыс мезгілінде отандық көкөніс өнімдеріне деген сұранысты қамтамасыз етіп қана қоймай, импортқа тәуелділікті азайтуға да мүмкіндік береді. Шаруа қожалығы бір гектар жерден 80-90 тоннаға дейін өнім алуды жоспарлап отыр. Бұл — қысқы жылыжай шаруашылығы үшін жоғары көрсеткіштердің бірі. Мұндай нәтижеге жету үшін жылыжайда барлық агротехникалық талаптар қатаң сақталады.
Агроном Ибраһим Қарсыбаевтың айтуынша, «Малика» сұрпы ерте піседі, тасымалдауға төзімді әрі дәмдік сапасы жоғары. Жылыжай ішінде температура мен ылғалдылық деңгейі тәулік бойы бақылауда ұсталып, өсімдіктің өсуіне қолайлы орта қалыптастырылады. Соның арқасында өнімнің сапасы да, көлемі де тұрақты сақталады. Қазіргі таңда жылыжайда 8 адам тұрақты жұмыспен қамтылып, бұл ауыл тұрғындары үшін қосымша табыс көзіне айналып отыр. Алдағы уақытта жылыжай кешенінің қалған аумағына қызылша дақылын егу жоспарлануда. Бұл қадам өндірілетін өнім түрін көбейтіп, ішкі нарықты әртараптандыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар жылыжай шаруашылығының тиімділігін арттырып, жыл он екі ай бойы ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруге жол ашады.
Айта кетейік, Келес ауданының жалпы аумағы 345 мың гектардан асады. Соның ішінде 26 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егіледі. Аудан диқандары дәстүрлі егіншілікпен қатар, заманауи технологияларды енгізу арқылы өнім көлемін арттырып келеді. Қысқы жылыжайлар — осы бағыттағы маңызды бастамалардың бірі. Олар тек азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтуға, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беруге ықпал етеді.
Келес даласында қыстың қақаған аязында піскен қызанақ — отандық ауыл шаруашылығының мүмкіндігі зор екенін дәлелдейтін айқын мысал. Тың технология мен табанды еңбектің үйлесуі нәтижесінде аудан диқандары маусымға қарамай сапалы өнім өндіруге қол жеткізіп отыр. Бұл тәжірибе алдағы уақытта өзге шаруашылықтар үшін де үлгі болып, өңірдің аграрлық әлеуетін одан әрі нығайта түсері сөзсіз.