ЖОЛ ҚАУІПСІЗДІГІН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ ЖҰМЫСТАРЫ КҮШЕЙТІЛДІ

Түркістан облысында қыс мезгілінде автомобиль жолдарын қалыпты жағдайда ұстау, қарды уақтылы тазалау және жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Қысқы кезеңнің күрделі ауа райы жағдайларына қарамастан, өңірде жол инфрақұрылымының үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету мақсатында барлық жауапты мекемелер күшейтілген режимде еңбек етуде. Бұл туралы облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен апталық аппарат мәжілісінде жан-жақты баяндалды.

Аппараттық мәжілісте облыс әкімі қыс мезгілінде жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету өңір басшылығы үшін басты міндеттердің бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, тұрғындардың қауіпсіз әрі кедергісіз қозғалуын қамтамасыз ету үшін барлық жауапты мекемелер үйлесімді жұмыс атқаруы тиіс. Нұралхан Көшеров жауапты тұлғаларға техниканың, инертті материалдардың және жұмысшы күшінің әрдайым дайын болуын тапсырды. Сонымен қатар ол жолдарды күтіп-ұстау барысында олқылықтарға жол берген басшылардың жауапкершілігі қаралатынын ескертіп, бұл бағыттағы жұмыстар өзінің тұрақты бақылауында болатынын жеткізді.
Қысқы кезеңде жол жағдайын жедел бақылау және барлық қызметтердің жұмысын үйлестіру мақсатында облыста арнайы жедел штаб құрылған. Бұл штаб тәулік бойы жұмыс істеп, ауа райының қолайсыздығына байланысты туындауы мүмкін қауіптердің алдын алуға бағытталған шараларды дер кезінде қабылдап отыр. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов атқарылып жатқан жұмыстар туралы есеп беріп, жолдарды күтіп-ұстауға жауапты мекемелердің міндеттері нақты бөлінгенін атап өтті. Республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының Түркістан облыстық филиалы жұмыс жүргізсе, облыстық маңызы бар жолдарға Түркістан облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына қарасты «Оңтүстік жолдары» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны жауапты. Ал аудандық маңызы бар жолдар мен елді мекен көшелерінде аудан және қала әкімдіктері тарапынан тұрақты жұмыстар атқарылуда.
2026 жылдың 21-23 қаңтар аралығында облыс аумағында ауа райының күрт нашарлауына байланысты қар және қар аралас жаңбыр жауып, жол жағдайы айтарлықтай қиындады. Осы кезеңде жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық жауапты мекемелер күшейтілген режимде жедел іс-шаралар ұйымдастырды. Қауіпсіз қозғалысты қамтамасыз ету мақсатында облыс бойынша 221 дана арнайы техника мен 1 177 жұмысшы жұмылдырылды. Нәтижесінде 11 692 шақырым автомобиль жолы қардан тазартылып, көктайғақтың алдын алу үшін 9 751 текше метр құм және 3 125 тонна тұз қоспасы себілді. Бұл көрсеткіштер қысқы жол күтімінің ауқымды көлемде жүргізіліп жатқанын көрсетеді.
Жұмыстардың тиімділігін арттыру мақсатында арнайы техника мен жұмысшы күші мобилизациялық қағидат негізінде ұйымдастырылды. Қажеттілікке қарай бір ауданнан екінші ауданға жедел түрде ауыстырылып, өзара көмек көрсету тәртібі енгізілді. Бұл тәсіл күрделі ауа райы жағдайында күш пен ресурстарды тиімді пайдалануға мүмкіндік беріп отыр. Қазіргі таңда облыс аумағындағы барлық автомобиль жолдарының жағдайы тұрақты бақылауға алынған. Жауапты қызметтер ауа райының өзгерісіне қарай жедел әрекет етуге дайын.
Қысқы жол күтімімен қатар, «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында елді мекендер мен жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының бойын қоқыстан тазарту жұмыстары да жалғасуда. Бұл бастама өңірдің экологиялық ахуалын жақсартып қана қоймай, жол бойындағы көріністі ретке келтіруге және тұрғындар үшін қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған. Аппарат мәжілісінде өңірдегі 2025-2026 жылдардағы жылыту маусымының өту барысы да қаралды. Қазіргі уақытта қазандықтар бекітілген температуралық кестеге сәйкес штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Жылу беру тұрақты түрде қамтамасыз етіліп, тұрғындар тарапынан жүйелі шағымдар тіркелмеген.
Облыс бойынша көмір отынына деген жалпы қажеттілік 580,4 мың тоннаны құрайды. Бүгінгі таңда оның 573,5 мың тоннасы, яғни 98 пайызы қамтамасыз етілген. Бұл көрсеткіш өңірдің қысқы маусымға жоғары деңгейде дайын екенін аңғартады. Бюджеттік мекемелер мен жеке тұрғын үйлер көмірмен 100 пайыз қамтылған. Ал жылыжайлар бойынша бұл көрсеткіш 97 пайызды құрап отыр. Сонымен қатар аудандар мен қалалардың теміржол тұйықтарында 65 мың тонна көмір қоры жинақталған. Жылыту маусымының өту барысы облыстық штабтың тұрақты бақылауында. Ауа райының қолайсыздығына немесе төтенше жағдайлардың туындауына байланысты қажетті шаралар жедел түрде қабылданады.
Түркістан облысында қысқы кезеңде жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен жылыту маусымын тұрақты өткізу бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Жауапты мекемелердің үйлесімді іс-қимылы, жедел штабтың тәулік бойы жұмысы және материалдық-техникалық базаның дайын болуы өңір тұрғындарының қауіпсіздігі мен жайлы өмір сүруіне мүмкіндік беріп отыр. Бұл бағыттағы шаралар қыс бойы тұрақты бақылауда болып, облыс басшылығы тарапынан қатаң назарда болмақ.