ШАРДАРАДА ӨНДІРІС ОРНЫН АШУ БОЙЫНША КЕЛІССӨЗ ЖҮРГІЗІЛДІ

Түркістан облысында өңір экономикасын дамыту, өндіріс орындарын ашу және инвестиция тарту жұмыстары жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес барлық аудан мен қалада экономиканы әртараптандыруға бағытталған нақты жобалар қолға алынған. Осы бастамалар аясында Шардара ауданында маңызды инвестициялық жоба талқыланды.

Шардара ауданының әкімі Арман Қарсыбаев қытайлық инвесторларды қабылдап, тамшылатып суаруға арналған құрал-жабдықтар шығаратын зауыт салу жобасы бойынша кездесу өткізді. Инвесторлар ұсынған бұл жоба ауыл шаруашылығы саласында су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізуге бағытталған. Су ресурстарын тиімді пайдалану — өңір үшін өзекті мәселенің бірі болғандықтан, аталған бастама агроөнеркәсіп кешенінің дамуына тың серпін бермек.
Кездесу барысында жобаны іске асыруға қажетті жер телімін бөлу, өндірістік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, сондай-ақ ұйымдастырушылық және техникалық мәселелер жан-жақты талқыланды. Аудан әкімі тиісті сала мамандарына бұл бағытта жүйелі әрі жедел жұмыс жүргізуді тапсырды. Жобаның уақтылы әрі сапалы жүзеге асуы инвесторлармен тиімді әріптестік орнатудың маңызды көрсеткіші екені атап өтілді. Сонымен қатар шетелдік инвесторларға мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау тетіктері толық түсіндірілді. Атап айтқанда, салықтық және қаржылық жеңілдіктер, инвестициялық жобаларды сүйемелдеу, құжаттандыру рәсімдерін оңтайландыру, жер телімін бөлу және инфрақұрылым желілеріне қосу мәселелерінде жергілікті атқарушы орган тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілетіні айтылды. Бұл өз кезегінде жобаларды қысқа мерзімде іске асыруға мүмкіндік береді.
Инвесторлар Шардара ауданының өндірістік әлеуетіне жоғары баға беріп, ұсынылып отырған инфрақұрылым мен мемлекеттік қолдау шаралары зауыт құрылысын жүзеге асыруға қолайлы екенін жеткізді. Тараптар алдағы уақытта нақты инвестициялық жобаларды іске асыру, жаңа жұмыс орындарын ашу және өңір экономикасын әртараптандыру бағытында бірлесіп жұмыс істеуге келісті. Аталған жоба іске асқан жағдайда ауданда жаңа тұрақты жұмыс орындары ашылып, инвестициялық ахуал жақсарады. Сонымен бірге ауыл шаруашылығы саласында заманауи су үнемдеу технологияларын қолдану кеңейіп, су ресурстарын тиімді пайдалану мүмкіндігі артады. Бұл Шардара ауданының ғана емес, жалпы Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсерін тигізбек.
Айта кетейік, 2025 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша Түркістан облысының экономикасына 1,4 трлн теңге инвестиция тартылған. Бұл көрсеткіш 2024 жылмен салыстырғанда 123 пайызға артқан. Өңірде өнеркәсіп қарқыны күшейіп, 57 инвестициялық жоба іске қосылды, нәтижесінде 8 310 жаңа жұмыс орны ашылды. Облыстың өнеркәсіптік әлеуетін дамыту мақсатында 20 индустриалдық аймақ және «Turan» арнайы экономикалық аймағы құрылған. Бүгінде индустриалдық аймақтарда 39 млрд теңге инвестиция тартылып, 50-ден астам жоба жүзеге асырылды. Жалпы, Түркістан облысында инвестиция тарту мен өндіріс саласын дамыту бағытындағы жүйелі жұмыстар өңір экономикасының тұрақты өсіміне негіз болып, жаңа мүмкіндіктерге жол ашуда.