ИНЖЕНЕРЛІК ИНФРАҚҰРЫЛЫММЕН ҚАМТУ ІСІ ІЛГЕРІЛЕП КЕЛЕДІ

2025 жылы Шымкент қаласында табиғи газ, жылу және кәріз жүйелерін дамыту бағытында ауқымды әрі жүйелі жұмыстар атқарылды. Инженерлік инфрақұрылымды жаңғыртуға басымдық берілген бұл шаралар қаланың тұрақты дамуын қамтамасыз етуге, тұрғындар үшін қауіпсіз әрі қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыруға бағытталды. Нәтижесінде коммуналдық қызметтердің қолжетімділігі артып, мегаполистің инфрақұрылымдық әлеуеті жаңа деңгейге көтерілді.

Қала аумағындағы елді мекендерді табиғи газбен қамту негізгі міндеттердің бірі ретінде белгіленді. Бүгінгі таңда Шымкенттегі 81 елді мекеннің 60-ы табиғи газбен толық қамтылған. Ал 20 елді мекенде газ жүйесі жеке тұрғын үйлер деңгейінде кезең-кезеңімен енгізіліп жатыр. Айкөл елді мекенін газдандыру жұмыстары алдағы кезеңге жоспарланған. Бұл бағыттағы жүйелі жұмыстардың нәтижесінде қала тұрғындарының тұрмыстық жағдайы айтарлықтай жақсарып келеді. 2024 жылы Қайнарбұлақ, Ынтымақ-2, Бозарық, Еламан, Қаратөбе және Тәуелсіздікке 20 жыл елді мекендерінде газ жүйелерінің құрылысы толық аяқталды. Соның арқасында 90 мыңнан астам тұрғын табиғи газға қосылу мүмкіндігіне ие болды. Бұл көрсеткіш қала бойынша табиғи газбен қамту деңгейін 96 пайыздан 97 пайызға дейін арттыруға мүмкіндік берді. Газдандыру тек тұрмыстық қолайлылықты арттырып қана қоймай, экологиялық жағдайды жақсартуға да оң әсерін тигізді.
2025 жылы тағы 10 елді мекенде табиғи газ жүйелерінің құрылысы басталды. Қазіргі уақытта Жұлдыз, Жалын, Қарабастау, Қызылжар-2, Қайтпас-1, Достық, Алтынтөбе және Тұран елді мекендерінде абоненттеу жұмыстары аяқталу сатысында тұр. Бұл жобалар іске асқан жағдайда 22 мыңнан астам тұрғын табиғи газды тұрақты пайдалану мүмкіндігіне ие болады. Сонымен қатар, 2021 жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан Тассай елді мекеніндегі газдандыру жобасы 2025 жылы толық аяқталды. Қазіргі таңда 2 500 абонент кезең-кезеңімен газ жүйесіне қосылып, жалпы 15 900 тұрғынға қолайлы жағдай жасалды.
Газ инфрақұрылымының қауіпсіздігі де назардан тыс қалған жоқ. 2025 жылы қалада «Пергам» типті заманауи жылжымалы диагностикалық қондырғы сатып алынып, газ желілерінің техникалық жағдайын бақылау күшейтілді. Шілде-қараша айлары аралығында жалпы ұзындығы 107,3 шақырымды құрайтын 67 нысандағы газ құбырларына кешенді диагностика жүргізілді. Нәтижесінде 45 ақау анықталып, барлық кемшіліктер бойынша тиісті мекемелерге нақты ұсыныстар берілді. Анықталған ақаулар уақтылы жойылып, жөндеу жұмыстары толық көлемде атқарылды. Бұл шаралар газ желілерінің сенімділігін арттырып, төтенше жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік берді.
2025 жылы Шымкент қаласында инженерлік инфрақұрылымды дамыту бағытында қол жеткізілген нәтижелер мегаполистің заманауи келбетін қалыптастыруға, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға және қаланың ұзақ мерзімді дамуына берік негіз қалады. Табиғи газбен қамтудың кеңеюі, инфрақұрылым қауіпсіздігінің күшеюі және коммуналдық жүйелердің жаңартылуы Шымкенттің қауіпсіз, жайлы әрі тұрақты дамып келе жатқан қала екенін айқын көрсетеді.