ТҮРКІСТАНДА ЖОҒАРЫ ТЕХНОЛОГИЯЛЫҚ ӨНДІРІС ДАМЫП КЕЛЕДІ

2025 жыл Түркістан облысының индустриялық-инновациялық дамуы үшін маңызды бетбұрыс кезеңі болды. Өңірде жоғары технологияға негізделген жаңа өндірістер іске қосылып, заманауи құрылыс шешімдерін енгізуге бағытталған ауқымды жобалар нақты жүзеге аса бастады. Бұл бастамалардың негізі Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров бастаған өңір делегациясының Қытай Халық Республикасына жасаған жұмыс сапары барысында қаланды.
Сапар аясында делегация ҚХР-дағы «Shandong Kamoya» зауытының өндірістік қуатымен, инновациялық технологияларымен және заманауи құрылыс шешімдерімен жан-жақты танысты. Келіссөздер нәтижесінде аталған тәжірибені Түркістан облысында енгізу туралы нақты уағдаластыққа қол жеткізіліп, бұл бастама қысқа мерзім ішінде нақты өндірістік жобаға ұласты. Қазіргі таңда облыс аумағында «KHAN TAU» брендімен капсулалы үйлер мен смарт-құрылыстар шығару жолға қойылды. Жаңа форматтағы капсулалы ғимараттар көпфункционалды әрі мобильділігімен ерекшеленеді. Мұндай нысандарды туристік кешендер мен глэмпингтерде, модульдік кеңселер мен мобильді үйлер ретінде, көрме павильондары, дала зертханалары және қонақүй инфрақұрылымында тиімді пайдалануға болады. Бұл – ішкі туризмді дамыту мен инфрақұрылымдық жобаларды жедел іске асыруға мүмкіндік беретін заманауи шешім.
Өңір басшысы Нұралхан Көшеров облыс орталығы маңында орналасқан шағын өндірістік паркке арнайы барып, аталған өндірістің жұмысымен, технологиялық процесімен және дайын өнім сапасымен танысты. Әкім жаңа өндірістің өңір экономикасы үшін маңызын атап өтіп, мұндай жобаларды кеңінен қолдаудың қажеттігін айтты. Көпшілікке мәлім, Түркістан облысында шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында облыс әкімдігінің тікелей қолдауымен шағын өндірістік парктер салынып келеді. Инвесторлар үшін дайын өндірістік ғимараттар бой көтеріп, инженерлік инфрақұрылыммен толық қамтамасыз етілген. Сол ғимараттардың бірінде «BNK Group» компаниясы Қытайдың «SHANDONG CAMOVA WISDOM CULTURE TRAVEL» компаниясымен бірлесіп, капсулалы экоқонақүйлер мен инновациялық модульдік нысандар шығаратын заманауи смарт-құрылыс өндірісін іске қосты.
Жоба заманауи жобалау, цифрлық модельдеу және өндірістік технологияларды қолдану арқылы жүзеге асырылып отыр. Бұл бастама туристік, қалалық және инфрақұрылымдық салаларға арналған энергия үнемдейтін, мобильді әрі көпфункционалды шешімдер мен дайын бөлмелерді шығаруға мүмкіндік береді. Смарт-құрылыстар қысқа мерзімде құрастырылып, әртүрлі климаттық жағдайларға бейімделе алады. Кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 200 данаға дейін дайын өнім шығаруға жетеді. Бұл көрсеткіш ішкі нарықтың сұранысын қанағаттандырумен қатар, болашақта өнімді өзге өңірлерге және экспортқа бағыттауға мүмкіндік береді. Аталған смарт-құрылыстарды ішкі туризмді дамыту, туристік кластерлер қалыптастыру, қалалық ортаны абаттандыру, сондай-ақ әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру барысында кеңінен қолдануға болады.
Жоба өңірде жоғары технологиялық өндірісті дамытуға, инвестициялық белсенділікті арттыруға және заманауи құрылыс шешімдерін енгізуге бағытталған. Бұл өз кезегінде Түркістан облысының индустриялық әлеуетін күшейтіп, экономиканың әртараптануына серпін береді. Сонымен қатар, «BNK Group» компаниясы өз өндірістік базасында заманауи сэндвич-панельдер шығару өндірісін де жолға қойды. Жоба аясында тәулігіне 1 000 шаршы метрге дейін дайын өнім өндіруге мүмкіндік беретін жоғары технологиялық желі іске қосылды. Бұл құрылыс және инфрақұрылымдық жобаларды сапалы әрі қолжетімді құрылыс материалдарымен жедел қамтамасыз етуге жол ашады. Зауытта өндірілетін сэндвич-панельдер заманауи талаптарға толық сәйкес келеді. Атап айтқанда, өнімдер жылу оқшаулау, энергия тиімділігі, беріктік пен ұзақ мерзімділік, сондай-ақ өрт қауіпсіздігі көрсеткіштері бойынша жоғары сапасымен ерекшеленеді. Мұндай материалдар тұрғын үй, әлеуметтік нысандар, өндірістік ғимараттар мен аграрлық құрылыс саласында кеңінен қолданылуы мүмкін.
Жаңа өндірістердің іске қосылуы өңір үшін маңызды әлеуметтік-экономикалық мәнге ие. Нәтижесінде 30-ға дейін тұрақты жұмыс орны құрылып, жергілікті тұрғындар жұмыспен қамтылды. Бұл жоба жергілікті өндірісті дамытуға, импортты алмастыруға және өнеркәсіптік, азаматтық әрі аграрлық құрылыс салаларын отандық сапалы материалдармен қамтамасыз етуге бағытталған. Өндірістік парктегі нысандардың құрылысын қадағалаған облыс әкімі Нұралхан Көшеров жаңа өндіріс орындарын жедел орналастыру, инвесторларға қолайлы жағдай жасау және жобаларды іске асыру қарқынын арттыру жөнінде нақты тапсырмалар берді. Әкімнің айтуынша, мұндай парктер өңір экономикасының драйверіне айналуы тиіс.
Айта кетейік, Түркістан қаласы маңында отандық өндірісті дамыту және қайта өңдеу саласын қолдау мақсатында 100 гектар аумақта «Шағын өнеркәсіптік парк» жобасы іске асырылып жатыр. Жоба аясында 152 ғимарат салып, 6 040 жұмыс орнын құру жоспарланған. Қазіргі таңда жобаның бірінші кезеңінде 40 ғимарат салынған, 32 жоба іске қосылып, 1 220 жұмыс орны ашылды. Нәтижесінде бюджеттің әрбір 1 теңгесіне 8,5 теңге жеке инвестиция тартылған. Жалпы облыс бойынша бүгінгі таңда 21 шағын өндірістік алаң құрылып, ғимараттар салу жұмыстары белсенді жүргізілуде. Негізгі басым бағыттар ретінде құрылыс материалдары, жиһаз өндірісі, пластик және резеңке бұйымдары, химия өнімдері мен жеңіл өнеркәсіп салалары айқындалған. Өндірістік парктер аумағында жиһаз, жаңбырлатып суғару жүйелері, сусын, мұздатқыш және құрылыс материалдарын шығаратын, сондай-ақ өзге де өнім түрлерін өндіретін зауыттар жұмысын бастап кеткен.
Қорытындылай келе, Түркістан облысында іске асырылып жатқан бұл жобалар өңірдің индустриялық-инновациялық дамуына жаңа серпін беріп, жоғары технологиялық өндірісті қалыптастыруға, инвестиция тартуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға берік негіз қалап отыр. Смарт-құрылыстар мен заманауи құрылыс материалдарын шығару – Түркістанның болашақтағы экономикалық өсімінің маңызды бағыттарының біріне айналуда.




