БІЛІМ БЕРУДЕГІ САПАНЫ АРТТЫРУ БАҒЫТЫНДА ЖҮЙЕЛІ ШАРАЛАР ҚОЛҒА АЛЫНДЫ

Түркістан облысында білім сапасын арттыру және балаларға қауіпсіз, қолайлы орта қалыптастыру мәселесі өңір басшылығының тұрақты бақылауында. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров бұл бағытты стратегиялық басымдық ретінде айқындап, білім беру жүйесіндегі басқару, тәрбие және қауіпсіздік тетіктерін күшейтуді күн тәртібінен түсірген емес. Осы міндеттерді іске асыру мақсатында облыстық Білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ғалымжан Орынов аудандарды аралап, білім беру ұйымдарының басшыларымен тікелей кездесулер өткізуде.
Өткен аптада басқарма басшысы Сауран, Отырар, Ордабасы, Бәйдібек, Созақ, Төлеби, Қазығұрт аудандары мен Кентау қаласында болып, білім саласы қызметкерлерімен мәжілістер өткізді. Бұл сапарлардың негізгі мақсаты – өңірдегі білім беру ұйымдарының нақты жағдайымен танысу, оқу-тәрбие үдерісіндегі өзекті мәселелерді жергілікті жерде талқылау және білім сапасын арттыруға бағытталған ортақ шешімдер қабылдау. Аталған іссапарлардың бірі Қазығұрт ауданында жалғасын тапты. Мұнда Ғалымжан Орынов аудан әкімі Азизхан Әзімханұлымен бірге алдымен оқушылардың инновациялық жобалары мен авторлық идеялары ұсынылған көрмені аралады. Бұл көрме оқушылардың шығармашылық әлеуетін, заманауи ойлау қабілетін және мектептерде жүргізіліп жатқан жобалық жұмыстың деңгейін көрсететін маңызды алаңға айналды.
Одан кейін білім беру саласы қызметкерлерінің қатысуымен кеңейтілген жиын өтті. Жиында 2025-2026 оқу жылының бірінші және екінші тоқсандарында атқарылған жұмыстардың қорытындылары жан-жақты сараланды. Білім сапасын арттыру, оқу үлгерімінің көрсеткіштері, сондай-ақ білім алушылардың қауіпсіз әрі қолайлы ортада білім алуын қамтамасыз ету бағытында іске асырылып жатқан шаралар талқыланды. Бұл ретте мектептердегі тәрбие жұмысы, психологиялық ахуал, оқушылардың қауіпсіздігі мен құқықтарының қорғалуына ерекше назар аударылды. Сонымен қатар «Заң және тәртіп» қағидатын ілгерілету аясында сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама талаптарының және білім саласына қатысты нормативтік-құқықтық актілердің сақталу мәселесі көтерілді. Жиында білім беру ұйымдары басшыларына заң талаптарын қатаң сақтау, қаржылық және басқарушылық ашықтықты қамтамасыз ету қажеттігі ескертілді. Бұл шаралар білім саласындағы сенімді нығайтуға және жүйелі тәртіп қалыптастыруға бағытталған.
Алқалы жиында облыстық білім басқармасының әр ауданға жауапты бас мамандары өңірлердегі өзекті мәселелерді баяндап, нақты деректер мен көрсеткіштерге тоқталды. Сондай-ақ басқармаға қарасты облыстық орталықтардың басшылары өз бағыттары бойынша проблемалық тұстарды ашық айтып, шешу жолдарына қатысты ұсыныстарын ортаға салды. Мұндай ашық форматтағы талқылау білім беру жүйесіндегі әлсіз тұстарды жасырмай, оларды бірлесіп еңсеруге мүмкіндік береді.
Ғалымжан Қалдыкөзұлы әр көрсеткіш бойынша төмен нәтиже көрсеткен білім беру ұйымдарының басшыларына білім сапасын арттыруға бағытталған жұмысты күшейту жөнінде нақты тапсырмалар жүктеді. Ол формалды есеппен шектелмей, нақты нәтиже көрсету қажеттігін атап өтіп, мектеп басшыларының жауапкершілігін арттырудың маңызын айтты. Білім сапасы – тек мұғалімдердің ғана емес, бүкіл басқару жүйесінің тиімділігіне тікелей байланысты екенін еске салды. Жиын соңында білім саласы қызметкерлері тарапынан ұсыныстар мен пікірлер айтылып, көтерілген мәселелер бойынша тиісті жауаптар берілді. Бұл өз кезегінде басқарма мен білім беру ұйымдары арасындағы кері байланысты нығайтып, ортақ мақсатқа жұмылуға жағдай жасады.
Жалпы, Түркістан облысының білім басқармасы алдағы уақытта да білім сапасын арттыруды басты басымдық ретінде айқындап отыр. Педагогтердің кәсіби дамуын қолдау, басқару тиімділігін күшейту және білім алушылар үшін қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасады. Аудан-аудандардағы мұндай кездесулер алдағы аптада да жалғасын тауып, өңірдегі білім беру жүйесін жетілдіруге нақты серпін бермек.




