ХАЛЫҚҚА ҚҰҚЫҚТЫҚ КӨМЕК ОНЛАЙН КӨРСЕТІЛІП ЖАТЫР

Шымкент қаласында халыққа құқықтық көмек көрсету жүйесін жетілдіру және азаматтардың заңдық сауаттылығын арттыру бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Бұл туралы Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифинг барысында қалалық Әділет департаментінің басшысы Исабекова Айнұр Ақжігітқызы мәлімдеме жасады. Оның айтуынша, құқықтық қолжетімділікті арттыру қазіргі заманның басты басымдықтарының біріне айналып отыр.
Бүгінде Шымкент қаласында құқықтық қызмет көрсететін мамандардың саны айтарлықтай жоғары. Қала аумағында 340 нотариус, 513 адвокат және 1331 заң кеңесшісі тұрақты түрде жұмыс істейді. Олар тұрғындарға азаматтық, әкімшілік, еңбек, отбасылық және басқа да құқықтық мәселелер бойынша кеңес беріп, нақты құқықтық көмек көрсетуде. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Әділет департаменті заң қызметін ұйымдастыру және тегін заң көмегін көрсету саласында бірқатар маңызды бастамаларды іске асырған. Соңғы жылдары құқықтық қызметтерді алу тәсілдері айтарлықтай жеңілдеді. Қазіргі таңда заңгерге немесе адвокатқа жүгіну үшін міндетті түрде кеңсеге бару талап етілмейді. Азаматтар онлайн форматта кеңес ала алады. Осы мақсатта «Е-заң көмегі» атты арнайы мобильді қосымша жұмыс істеп тұр. Бұл қызмет Egov порталы мен «Заң көмегі» қосымшасы арқылы қолжетімді. Онлайн кеңес беру жүйесі әсіресе уақыт тапшылығы бар азаматтар мен шалғай аудандарда тұратын тұрғындар үшін тиімді болып отыр.
Құқықтық көмек көрсету саласындағы тағы бір маңызды жаңашылдық — жасанды интеллектке негізделген чат-боттың іске қосылуы. Виртуалды көмекші тәулік бойы, яғни 24/7 режимінде азаматтардың құқықтық сұрақтарына жауап береді. Чат-ботқа adilet.zan.kz сайты мен «Е-заң көмегі» порталы арқылы жүгінуге болады. Қазіргі таңда оның жұмыс істеу механизмі жетілдіріліп, қызмет сапасын арттыру бағытында жұмыстар жүргізілуде. Бұл бастама құқықтық ақпаратты жедел әрі қолжетімді етуге мүмкіндік береді. Нотариат саласында да цифрландыру үдерісі белсенді түрде жүзеге асырылуда. 2025 жылы Шымкент қаласының нотариустары жалпы саны 868 111 қызмет көрсеткен. Оның ішінде 43 404 қызмет онлайн форматта «Е-нотари» платформасы арқылы орындалған. Бұл көрсеткіш халықтың электронды қызметтерге деген сенімі мен сұранысының артқанын аңғартады. Электронды нотариат қызметтері азаматтардың уақытын үнемдеп, қағазбастылықты азайтуға ықпал етуде.
Азаматтар жиі шағымданатын мәселелердің бірі қарыз өндіру бойынша атқару жазбаларына қатысты болатын. Бұл түйткілді шешу үшін жаңа тетіктер енгізілді. Қазіргі таңда борышкерге атқару жазбасы туралы ақпарат автоматты түрде 1414 нөмірі арқылы жіберіледі. Егер азамат бұл жазбамен келіспесе, «Мобильді үкімет» қосымшасы арқылы нотариусқа онлайн түрде қарсылық білдіре алады. Бұл жаңашылдық құқықтық дауларды жылдам шешуге және артық құжат айналымын қысқартуға мүмкіндік берді.
Халықаралық құжат айналымын жеңілдету мақсатында апостиль қою қызметі де онлайн форматқа көшірілді. Елімізде берілген құжаттарды шетелде пайдалану үшін Egov порталы арқылы электронды апостиль қоюға өтініш беруге болады. Бұл қызмет АХАТ органдарының, нотариустардың және мемлекеттік органдардың құжаттарына қолданылады. Шымкент қаласында апостиль қою бойынша 6215 құжат, ал заңды тұлғаларды тіркеу бойынша 588 құжат тіркелген. Бұл көрсеткіш қызметтің сұранысқа ие екенін көрсетеді.
Азаматтық хал актілеріне қатысты да маңызды өзгерістер енгізілді. Бұрын мұндай құжаттардағы қателіктерді анықтау және түзету мәселелері жалпы соттарда қаралатын болса, енді бұл даулар мамандандырылған әкімшілік соттардың құзыретіне берілді. Мұндай өзгеріс істердің жедел әрі нақты шешілуіне мүмкіндік береді. Әкімшілік соттың шешімі АХАТ органдары үшін міндетті болып отыр. Зияткерлік меншік саласындағы заңнама да жаңартылды. Енді көру қабілеті нашар азаматтар кітаптар мен шығармаларды автордың арнайы рұқсатынсыз және ақысыз пайдалана алады. Бұл өзгеріс олардың білімге, ақпаратқа және мәдени құндылықтарға қолжетімділігін кеңейтуді көздейді. Сонымен қатар, кәсіпкерлер үшін маңызды болып саналатын тауар белгісін тіркеу тәртібі де жеңілдетілді. Бұрын бұл процесс 7 айға дейін созылса, ақылы жедел қызмет арқылы тіркеу мерзімі 4 айға дейін қысқартылды. Ал тауар белгісіне қатысты шағым беру мерзімі 1 айдан 2 айға ұзартылды. Бұл бизнес өкілдеріне өз құқықтарын қорғауға қосымша мүмкіндік беріп, кәсіпкерлік белсенділікті ынталандырады.
Жалпы алғанда, Шымкент қаласында жүзеге асырылып жатқан құқықтық реформалар мен цифрландыру шаралары халықтың заңдық сауаттылығын арттыруға, құқықтық көмекті барынша қолжетімді етуге және мемлекеттік қызметтердің сапасын жақсартуға бағытталған. Бұл бастамалар қала тұрғындарының құқықтарын қорғауды жаңа деңгейге көтеріп, заманауи әрі тиімді құқықтық орта қалыптастыруға негіз болуда.




