ОРДАБАСЫ АУДАНЫНДА ХАЛЫҚАРАЛЫҚ АГРАРЛЫҚ ЖОБА ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛУДА

Түркістан облысының агроөнеркәсіптік кешенін дамыту бағытында халықаралық деңгейдегі маңызды жоба іске асырылуда. Ордабасы ауданына қарасты Төрткөл ауылдық округінде орналасқан «ТӨРТКҮЛ-ҚҰС» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінде қолға алынған бұл бастама өңірдегі құс шаруашылығын жаңа сапалық деңгейге көтеруді көздейді. Жоба аясында халықаралық озық тәжірибені жергілікті өндіріс үдерісіне енгізу арқылы өнім көлемін арттыру, өндірістің тиімділігін күшейту және экспорттық әлеуетті қалыптастыру басты мақсат ретінде айқындалған.

Аталған жобаның ерекшелігі – халықаралық сараптамалық қолдаудың тікелей өндіріс алаңында жүзеге асырылуы. Түркістан облысына «Senior Experten Service» (SES) халықаралық бағдарламасы шеңберінде Германиядан жоғары білікті аграрлық сарапшы арнайы шақырылды. Бұл жергілікті кәсіпкерлер үшін әлемдік тәжірибені теория жүзінде емес, нақты өндірістік жағдайда меңгеруге мүмкіндік беретін маңызды қадам саналады. Мұндай форматтағы ынтымақтастық өндірістің әлсіз тұстарын анықтап, заманауи шешімдерді жылдам енгізуге жол ашады. Халықаралық жобаны іске асыруда «TÚRKISTAN» кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының рөлі айрықша болды. Орталық SES халықаралық ұйымымен байланыс орнатып, қажетті құжаттарды рәсімдеу, шетелдік сарапшыны тарту және жобаны үйлестіру бағытында кешенді жұмыстар атқарды. Бұл кәсіпкерлер үшін халықаралық бағдарламаларға қол жеткізудің тиімді тетігі қалыптасқанын көрсетеді.
Осыған байланысты «TÚRKISTAN» кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының басшысы Берік Кенжебаев өндіріс орнына арнайы барып, жобаның жүзеге асырылу барысымен және халықаралық сарапшының жұмысымен танысты. Кездесу барысында ол мұндай бастамалардың өңір кәсіпкерлері үшін стратегиялық маңызға ие екенін атап өтті. Сонымен қатар Ордабасы ауданы ғана емес, Түркістан облысының барлық аудандарындағы кәсіпкерлерге бизнес бастау, өндірісті кеңейту және халықаралық бағдарламаларға қатысу бағытында жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.
«ТӨРТКҮЛ-ҚҰС» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі 2023 жылдан бастап бройлер тауықтарын өсіру, өндіру және қайта өңдеу саласында тұрақты жұмыс істеп келеді. Қазіргі таңда кәсіпорында 5 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Өндіріс үдерісі толықтай жергілікті шикізатқа негізделген. SES бағдарламасы аясында шақырылған халықаралық сарапшының қатысуымен кәсіпорын басшылығы бірқатар стратегиялық міндеттерді жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Атап айтқанда, тәуліктік балапандардың өміршеңдігін арттыру, өндірістегі шығындарды азайту және 100 пайыз қалдықсыз өндіріс жүйесін енгізу көзделген. Бұл жүйе құс етінен бөлек қауырсын, көң және ішкі ағзаларды толық өңдеу арқылы қосымша өнім көздерін қалыптастыруды қамтиды. Мұндай тәсіл экологиялық тиімділікпен қатар, кәсіпорынның экономикалық табыстылығын арттыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар кооператив жылдық өндіріс көлемін 800 тоннаға дейін ұлғайтуды, өнімнің өзіндік құнын төмендетуді және болашақта экспорттық нарықтарға шығу мүмкіндіктерін қарастыруды жоспарлап отыр. Бұл мақсаттар өңірдің агроөнеркәсіптік әлеуетін күшейтіп, жергілікті өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған. Германиядан келген халықаралық аграрлық сарапшы Эберхард Вестхаузер кәсіпорын басшылығымен алғашқы жұмыс кездесулерін өткізіп, өндірістік үдерістермен жан-жақты танысты. Неміс маманы Түркістан өңірінде екі апта бойы жұмыс істеп, құс шаруашылығын дамыту бағытындағы кәсіби тәжірибесімен бөліседі. Оның ұсыныстары өндірістің технологиялық деңгейін көтеруге және басқару жүйесін жетілдіруге ықпал етпек.
Эберхард Вестхаузер аграрлық ғылымдар саласында көпжылдық тәжірибесі бар, мал және құс шаруашылығы бойынша халықаралық деңгейде танылған сарапшы. Ол ірі қара, шошқа, ешкі және бройлер тауықтарын өсіру мен азықтандыру саласында терең білімге ие. Бұған дейін Кения, Танзания, Косово, Молдова және Уганда елдерінде SES бағдарламасы аясында 17-ден астам халықаралық жобада жұмыс істеп, фермерлерді оқыту мен ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының өндірістік тиімділігін арттыруға елеулі үлес қосқан.
Жалпы алғанда, Төрткөл ауылында жүзеге асырылып жатқан бұл жоба Түркістан облысының агроөнеркәсіптік әлеуетін арттырумен қатар, өңірді отандық және халықаралық нарықта бәсекеге қабілетті ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіретін аймақ ретінде қалыптастыруға ықпал етеді. Халықаралық тәжірибе мен жергілікті мүмкіндіктердің үйлесуі ауыл шаруашылығын жаңғыртудың тиімді үлгісіне айналып, өңір экономикасының тұрақты дамуына негіз болмақ.