«ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУ ЖӘНЕ ТАТУЛАСУ» ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ЖАҢА ФИЛИАЛЫ АШЫЛДЫ

Шымкент қаласының Сайрам тұрғын алабында азаматтардың құқықтарын қорғауға және қоғамдағы келісімді нығайтуға бағытталған маңызды әлеуметтік бастама жүзеге асырылды. Мұнда Шымкент қаласының Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы «Құқық қорғау және татуласу» орталығының екінші филиалы өз жұмысын бастады. Жаңа орталықтың ашылуы тұрғындарға құқықтық көмекті барынша қолжетімді етуге және дауларды сотқа дейінгі тәртіппен, бейбіт жолмен шешу мәдениетін дамытуға бағытталған.

Жаңа филиалдың ашылу рәсіміне «Қазақстан кәсіби медиаторлары мен құқықтық кеңесшілер қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті, қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Медиация кеңесінің төрайымы Дана Кенжеқұлова, кәсіби медиаторлар, қала тұрғындары мен ардагерлер қатысты. Бұл орталықтың қызметі тек құқықтық кеңес берумен шектелмей, қоғамдағы өзара түсіністік пен татулықты нығайтуға бағытталғанын көрсетеді. Орталықта тұрғындарға тегін құқықтық кеңестер көрсетіліп, татуластыру рәсімдері жүргізіледі. Мұнда адвокаттар, кәсіби медиаторлар, психологтар және өзге де тиісті сала мамандары бірлесіп жұмыс істейді. Мұндай көпсалалы тәсіл дауларды тек заң аясында ғана емес, әлеуметтік және психологиялық тұрғыдан да тиімді шешуге мүмкіндік береді. Әсіресе отбасылық, көршілік, еңбек және азаматтық сипаттағы дауларды келісім арқылы реттеу тұрғындар үшін тиімді әрі уақытты үнемдейтін жол болып отыр.
Медиация институтын дамыту мәселесі Мемлекет басшысының Жолдауларында бірнеше рет атап өтілген. Президент қоғамдағы бейбітшілік пен келісімді нығайту, әлеуметтік тұрақтылықты сақтау үшін дауларды сотқа жеткізбей шешудің маңыздылығына ерекше мән беріп келеді. Осы бастамаларды іске асыру аясында елімізде сотсыз, өркениетті тәсілдерге негізделген тетіктер кезең-кезеңімен енгізілуде. Соның бірі – «Құқық қорғау және татуласу» орталықтарының құрылуы. Жүйелі жұмыстың нәтижесінде құрылған Медиация орталығы бүгінде халыққа «бір терезе» қағидаты бойынша кешенді қызмет көрсететін заманауи алаңға айналды. Мұнда азаматтың өтінішінің сипатын анықтаудан бастап, даудың санатын айқындау, оны реттеу тәсілін таңдау, кәсіби медиаторды бекіту, құқықтық көмек көрсету және медиациялық келісім жасасуға дейінгі барлық процесс бірізді әрі жүйелі түрде жүзеге асырылады. Бұл тәсіл дауларды жедел шешіп қана қоймай, тараптар арасындағы қарым-қатынасты сақтауға мүмкіндік береді.
Сайрам тұрғын алабында Медиация орталығының жаңа филиалының ашылуы осы бағыттағы жұмысты одан әрі кеңейтуге жол ашты. Жаңа филиал тұрғындарға құқықтық көмектің қолжетімділігін арттырып, сотқа дейінгі реттеу мәдениетін кеңінен дамытуға ықпал етеді. Әсіресе халық тығыз орналасқан тұрғын алаптарда мұндай орталықтардың болуы әлеуметтік шиеленістердің алдын алуға маңызды рөл атқарады. Іс-шара барысында Дана Кенжеқұлова Мемлекет басшысы айқындап берген қоғамдық келісімді нығайту, тұрақтылықты сақтау және азаматтардың құқықтық санасын арттыру бағытындағы тиімді жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатынын атап өтті. Оның айтуынша, жаңа филиалдың қызметін жүйелі жолға қою үшін арнайы жол картасы әзірленіп, ұйымдастырушылық және әдістемелік қолдау көрсетіледі.
Жалпы алғанда, Сайрам тұрғын алабында ашылған Медиация орталығының филиалы қоғамдағы құқықтық мәдениетті арттыруға, азаматтар арасындағы дауларды бейбіт әрі өркениетті жолмен шешуге және әлеуметтік келісімді нығайтуға бағытталған маңызды қадам болып отыр. Бұл бастама тұрғындардың құқықтарын қорғауды жаңа деңгейге көтеріп, қоғамдағы өзара сенім мен түсіністікті арттыруға қызмет етеді.