БЫЛТЫР ЕЛІМІЗДЕ 162 ЖАҢА МЕКТЕП САЛЫНДЫ

2025 жыл еліміздің білім беру инфрақұрылымын дамытуда маңызды кезеңдердің бірі болды. Жыл қорытындысы бойынша республика аумағында шамамен 236 мың оқушы орнына арналған 162 мектептің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді. Жаңа білім беру ұйымдарының басым бөлігі мектеп тапшылығы өзекті болып тұрған өңірлерде салынды.
Аталған мектептердің іске қосылуы бірқатар жүйелі мәселелерді шешуге мүмкіндік берді. Атап айтқанда, 27 үшауысымды және 11 апатты мектептің мәселесі реттеліп, 160 мыңға жуық оқушы орнының жетіспеушілігі жойылды. Бұл бағыттағы жұмыстар бюджет қаражаты есебінен ғана емес, сонымен қатар инвестициялар тарту арқылы да жүзеге асырылды. Ел тарихындағы ең ауқымды бастамалардың бірі саналатын «Келешек мектептері» ұлттық жобасы білім беру саласына жаңа серпін берді. Мемлекет басшысының бастамасымен іске асырылған бұл жоба аясында 206 мың оқушы орнына арналған 112 жаңа форматтағы мектеп пайдалануға берілді. Олардың 40 пайыздан астамы ауылдық елді мекендерде орналасқан. Бұл ауыл мен қала арасындағы білім беру сапасындағы алшақтықты азайтуға бағытталған маңызды қадам болды. Айта кету керек, 2024 жылы да бұл үрдіс жалғасып, 254 мың оқушыға арналған 105 мектеп қолданысқа берілген болатын.
Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорының есебінен де ауқымды жұмыстар атқарылды. Қор қаржысына жалпы сыйымдылығы 89 мың оқушыға арналған 81 мектеп салынды. Оның ішінде 2025 жылдың өзінде 13 мың оқушы орнына арналған 18 жаңа мектеп ашылды. Бұл шаралар білім беру жүйесін ұзақ мерзімді перспективада дамытуға және оның тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған. Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасымен қайтарылған активтер есебінен де әлеуметтік маңызы бар нысандар бой көтерді. Ұлытау облысының Қаражал қаласы мен Маңдырай станциясында екі мектеп салынса, Солтүстік Қазақстан облысында бір балабақша пайдалануға берілді. Бұдан бөлек, Арнайы мемлекеттік қор қаражаты есебінен 8 білім беру нысаны қаржыландырылды. Олардың қатарында 5 мектеп, 2 балабақша және 1 жатақхана бар. Жаңа мектептер салумен қатар, қолданыстағы білім беру нысандарын жаңғыртуға да ерекше көңіл бөлінді. Қосымша республикалық және жергілікті бюджет қаражаты мен жеке инвестициялар есебінен 16 мың оқушы орнына арналған 30 мектептің құрылысы жүргізілді. Ал реновация бағдарламасы аясында 209 мектеп күрделі жаңартудан өтті. Сонымен бірге заманауи стандарттарға сәйкес 1 мың ауыл мектебі жаңғыртылып, ауыл мектептері үшін 1196 жаңа үлгідегі пән кабинеті сатып алынды.
Жүргізілген кешенді шаралардың нәтижесінде еліміздің бірқатар өңірлерінде көп жылдан бері өзекті болып келген үшауысымды оқыту мәселесі толық шешімін тапты. Атап айтқанда, Астана, Алматы және Шымкент қалаларында, сондай-ақ Қарағанды мен Қызылорда облыстарында бұл мәселе толығымен жойылды. Жалпы алғанда, 2025 жылы атқарылған жұмыстар білім беру саласының материалдық-техникалық базасын айтарлықтай нығайтып, оқушылар үшін қолайлы әрі қауіпсіз оқу ортасын қалыптастыруға мүмкіндік берді. Бұл бастамалар еліміздің білім беру жүйесін жаңғыртуға және болашақ ұрпақтың сапалы білім алуына берік негіз қалайды.




