2025 ЖЫЛЫ САПАЛЫ АУЫЗ СУМЕН ҚАМТУ ІСІ ҚАРҚЫН АЛДЫ

2025 жылы Қазақстанда халықты ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстары қарқынды іске асты. Елде жүргізілген кешенді шаралар нәтижесінде 90 қала мен 7,5 миллион тұрғыны бар 6 087 ауыл толық ауыз сумен қамтылды. Бұл туралы Үкімет отырысында Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов мәлімдеді. Оның айтуынша, Мемлекет басшысының 2025 жылдың соңына дейін халықты толығымен ауыз сумен қамтамасыз ету тапсырмасы аясында сумен жабдықтау инфрақұрылымын дамыту бойынша ауқымды жұмыстар жүзеге асырылған.

Жоспарланған жобаларды іске асыруға бюджеттен жалпы 835 миллиард теңге бөлініп, оның ішінде арнайы мемлекеттік қордан 132 миллиард теңге қаржы жұмсалған. Осы қаражат есебінен 1,6 мыңнан астам жобаны іске асыру мүмкін болды. Бұл Үкімет тарапынан қаржыландыру мәселесінің толық шешілгенін көрсетеді. Жаңа инфрақұрылымдық нысандардың салынуы мен қолданысқа берілуі ауылдағы және қаладағы бұқараның ауыз суға қолжетімділігін айтарлықтай арттырды. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде 34 қала мен 756 ауыл орталық сумен жабдықтау жүйесіне қосылды. Сонымен қатар жергілікті бюджет есебінен 699 ауылда кешенді блок-модульдер орнатылып, орталықтандырылмаған сумен жабдықтау мәселесі шешілді. Бұл шаралар елдегі сумен қамтудың сапасы мен тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталды.
Салыстырмалы түрде, 2021 жылы ауыл халқының 90 пайызы, ал қала халқының 97,5 пайызы сумен жабдықтау қызметтеріне қол жеткізген болатын. Осы көрсеткіштерді ескере отырып, Қуандық Қажкеновтің айтуынша, қазіргі уақытта Мемлекет басшысының тапсырмасы толық орындалып, еліміздегі барлық қалалар мен ауылдар толық қамтамасыз етілген. Ауыз сумен жабдықтау тәсілдері әртүрлі жолдармен жүзеге асырылған. Тарқатсақ, 4 747 ауыл орталық сумен жабдықталды. 1 340 ауыл орталықтандырылмаған су жүйесі арқылы қамтамасыз етілген, оның ішінде 1 102 ауыл суды тазарту блок-модульдері арқылы сумен қамтылған. 219 халқы аз елді мекенде сумен жабдықтау ұңғымалар арқылы жүргізіледі. 19 елді мекенде, шалғай орналасуына және су көздерінің болмауына байланысты, ауыз су тасымалдау арқылы жеткізіледі, бұл елді мекендерде орта есеппен 70 адам тұрады. Сонымен қатар, сумен жабдықтау сапасына ерекше назар аударылды. Магистральдық құбырлар мен су тазарту құрылыстары жаңғыртылды, нәтижесінде сумен жабдықтау желілері едәуір жаңартылды. Барлығы 9,5 мың шақырым су желісі қайта жаңартылып, кеңейтілді. Оның ішінде қалаларға қатысты 1,8 мың шақырым, ауылдарда 7,7 мың шақырым су желілері жаңартылды. Бұл шаралар желілердің тозуы деңгейін 38 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік берді, сумен жабдықтау сапасы мен сенімділігін арттырды.
Жалпы алғанда, 2025 жылы жүзеге асырылған кешенді шаралар Қазақстанда ауыз сумен қамтамасыз ету саласында тарихи нәтижелерге қол жеткізді. Елдің барлық қалалары мен ауылдары толық сумен қамтылып, сумен жабдықтау инфрақұрылымы заманауи стандарттарға сәйкес жаңартылды. Бұл тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға, қоғамдық денсаулықты жақсартуға және ауылдық аймақтарды дамытуға бағытталған маңызды қадам болып отыр. Аталған жобалар еліміздің инфрақұрылымдық дамуы мен халықтың әлеуметтік әл-ауқатын қамтамасыз етудің негізін қалайды, әрі алдағы жылдары сумен жабдықтау саласындағы жұмыстардың сапасын одан әрі арттыруға мүмкіндік береді.